Бейжіңде Абай облысы мен Қытай компаниялары арасында 2,5 миллиард долларлық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды

Бейжіңде Абай облысы мен Қытай компаниялары арасында 2,5 миллиард долларлық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды

Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар ірі қытайлық инвесторлармен кездесті. Кездесулер барысында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалар талқыланып, жалпы құны 2,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.

Алғашқы кездесу өнеркәсіптік жаңғырту, инфрақұрылымдық құрылыс және индустриялық парктерді дамыту саласында жұмыс істейтін халықаралық «DDS Group» компаниясының басшылығымен өтті. Әлемнің 30-дан астам елінде қызмет ететін компания инвестициялау, жобалау, құрылыс және пайдалануға беру жұмыстарын толық цикл бойынша жүзеге асырады. 

Кездесу қорытындысында Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «DDS Group» компаниясының директоры Хуа Дунъи өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, компания Мақаншы ауданының Бақты ауылында жалпы аумағы 3 мың гектарды құрайтын өнеркәсіптік парк салуды жоспарлап отыр. Жобаның инвестициялық құны – 1,5 миллиард АҚШ доллары.

Сапар барысында облыс әкімі Қытайдың жетекші өнеркәсіптік холдингтерінің бірі – Jiachen Group компаниясының басшыларымен де келіссөз жүргізді. Компания металлургия, тау-кен өндірісі, отқа төзімді материалдар өндіру, логистика және халықаралық сауда салаларында табысты жұмыс істейді. Кездесу нәтижесінде Абай облысының әкімдігі, Liaoning Jiachen Holding Group және Xinjiang Sanbao Industrial Group компаниялары арасында Мақаншы ауданында алюминий зауытын салу жобасын бірлесіп іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 1 миллиард АҚШ доллары. Сонымен қатар Берік Уәли China Railway Construction Engineering Group (CRCEG) компаниясының өкілдерімен кездесіп, кәсіпорынның қызметімен танысты. Қытайдың жетекші құрылыс-инжинирингтік компанияларының бірі саналатын CRCEG тұрғын үй, өндірістік және көлік инфрақұрылымы, теміржолдар мен автомобиль жолдарын салу бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.

Кездесу барысында тараптар Абай облысында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, көлік-логистикалық желіні дамыту және құрылыс саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Аталған келіссөздер мен қол қойылған меморандумдар Абай облысына шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу, жұмыс орындарын құру және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.


#Абайская область, #экономика, #Китай