«BUSINESSGO» – Қазақстандағы шағын және орта бизнеске арналған жаңа цифрлық экожүйе

«BUSINESSGO» – Қазақстандағы шағын және орта бизнеске арналған жаңа цифрлық экожүйе

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен отандық бизнеске арналған жаңа бірыңғай цифрлық өнім – BusinessGO экожүйесі іске қосылды. BusinessGO платформасы еліміздің шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған бірегей шешім болмақ. Ол сатуды басқару мен есеп жүргізуге қажетті негізгі цифрлық құралдардың барлығын бір жүйеге біріктіреді. Бүгінде кәсіпкерлер жұмыс барысында әртүрлі жеткізушілердің бірнеше жүйесін қатар пайдалануға мәжбүр. Соның салдарынан күрделі техникалық интеграциялар жасауға, бірнеше жеке кабинетте жұмыс істеуге және әр қызмет бойынша жеке техникалық қолдау қызметіне жүгінуге тура келеді. Бұдан бөлек, мұндай цифрлық құралдарды жеке-жеке сатып алу мен сүйемелдеу кәсіпкерлер үшін жыл сайын қомақты қаржылық шығынды талап етеді.

BusinessGO кәсіпкерлердің бұл мәселелерін қалай шешеді?

Барлық қажетті сервистерді бір экожүйеге біріктіру арқылы платформа бизнесті басқаруды едәуір жеңілдетеді, шығындарды азайтады және бірыңғай техникалық қолдау орталығын ұсынады. Енді кәсіпкерлерге әртүрлі жеткізушілерден бағдарламалар іздеп, оларды өзара біріктіруге уақыт пен қаражат жұмсаудың қажеті жоқ.

BusinessGO экожүйесінің құрамына келесі негізгі цифрлық шешімдер кіреді:

1. ОФД – фискалдық деректер операторының қызметтері;

2. GreenKassa – заманауи онлайн-кассалар жүйесі;

3. GreenMag – тауарлық есеп пен қойманы басқару жүйесі;

4. Amian Business – сатылым көлемін арттыруға арналған маркетингтік платформа;

5. GreenScan – акциздік маркалар мен өнім таңбаларын жедел тексеруге арналған сервис;

6. Салық төлеушінің паспорты – QR-код арқылы бизнес туралы ақпаратты жедел тексеруге мүмкіндік беретін құрал;

7. Tax Free – шетелдік сатып алушыларға қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтаруды рәсімдеу сервисі;

8. Findex – базарлар мен сауда орталықтарындағы сауда қызметін бақылауға және талдауға арналған аналитикалық жүйе.

Платформаға қосылған кәсіпкерлер сатылым көлемін ұлғайтуға, адалдық бағдарламаларының көмегімен орташа сатып алу сомасын арттыруға және күнделікті қолмен атқарылатын жұмыстарды автоматтандыруға мүмкіндік алады. Ең бастысы – бизнесті кез келген уақытта, кез келген жерде және кез келген құрылғы арқылы толық бақылауға болады.

Цифрлық платформа неге тиімді?

BusinessGO – бұл бизнесті жүргізуге арналған құрал ғана емес, сонымен қатар ел экономикасының ашықтығын арттыруға бағытталған стратегиялық жоба. Цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға және сауда қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар, платформа заңсыз тауар айналымымен күресті күшейтіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жобаны кәсіпкерлер үшін қолжетімді әрі заманауи цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында жүзеге асырып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның барлық өңірлерінде шағын және орта бизнестің сапалы әрі қарқынды дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бөлшек сауда саласы бойынша объективті аналитикалық деректерге қол жеткізу арқылы Палата отандық бизнестің негізгі серіктесі ретіндегі рөлін одан әрі нығайтып, кәсіпкерлердің мүддесін тиімді қорғауға мүмкіндік алады.

BusinessGO платформасы туралы толық ақпаратпен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтынан танысуға болады. Ал экожүйеге қосылу businessgo.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Жүйеге электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кіруге болады. Платформа компания туралы мәліметтерді автоматты түрде анықтайды. Осыдан кейін қажетті модульдерді таңдап, шартты порталдың өзінде электронды түрде растау жеткілікті.

Сондай-ақ BusinessGO экожүйесінің мүмкіндіктері мен оған қосылу тәртібі туралы 1432 байланыс орталығының нөмірі арқылы кеңес алуға болады.

Дереккөз: atameken.kz


#экономика, #малый и средний бизнес, #цифровизация, #Палата предпринимателей "Атамекен"