Елімізде 1 қаңтарда қандай өзгерістер күшіне енді
Бүгіннен бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне еніп, жәрдемақылар мен айыппұлдардың көлемі артты. Сондай-ақ зейнетақы активтерін басқару тәртібі өзгеріп, «Халық бухгалтері» акциясы іске қосылды.
Сонымен бүгіннен бастап жаңа Салық кодексі аясында салық салу тәсілі түбегейлі өзгерді. Салықтық әкімшілендіру жеңілдетіліп, бизнес пен жеке тұлғаларға арналған цифрлық сервистер енгізілді. Негізгі өзгерістер мыналар:
- корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталады, бірақ сараланған тәртіппен қолданылады:
1. банктер мен ойын бизнесі үшін — 25пайыз;
2. әлеуметтік сала ұйымдары үшін — 2026 жылы - 5, 2027 жылы 10 пайыз;
3. ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін — 3 пайыз (жеңілдік мөлшерлеме сақталады).
- қосылған құн салығы 16 пайызға көтеріледі. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген мынадай мөлшерлеме белгіленеді: 2026 жылы - 5, 2027 жылы – 10 пайыз. Ал тегін медицина, әлеуметтік сақтандыру, кітап басып шығару және археологиялық жұмыстар қосылған құн салығынан босатылады.
- жеке табыс салығы прогрессивті жүйеге көшеді. 8 500 АЕК-тен (жылына шамамен 34 млн теңге) асатын табысқа 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Сондай-ақ дивидендтерге де прогрессивті салық шкаласы енгізіледі. Бұл ретте зейнетақы төлемдеріне берілетін салықтық жеңілдіктер сақталады.
Онлайн сауда платформалары сатылған тауар мен қызметтер туралы ақпаратты салық органдарына хабарлауға міндеттелді. Электронды шот-фактураларды жазып беруді салыстырмалы бақылау енгізілді.
Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі 10 пайызға өсті. Бұл жалпы инфляцияның ағымдағы және болжамды мәндеріне сәйкес келеді. Ол ағымдағы және болжамды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, ең төменгі зейнетақы мөлшеріне, ең төменгі жалақыға, ең төменгі күнкөріс деңгейіне, сондай-ақ инфляция мен инвестициялық кірістілікке сүйене отырып есептелді.
ТЖШ есептеу кезінде 2026 жылға арналған мына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер пайдаланылған:
«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 1 қаңтардан бастап:
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 4 325 теңге мөлшерінде;
- ең төменгі зейнетақы — 69 049 теңге;
- ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) — 50 851 теңге;
- базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 35 596 теңге;
- жалақының ең төмен мөлшерi — 85 000 теңге болды.
Сонымен қатар жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері алынатын мөлшерден 10 пайызға артты. Ал жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс - 55 АЕК (237 875 теңге).
Мүгедектігіне және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты, оның ішінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдар үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы; ай сайынғы бала 1,5 жасқа толғанша берілетін мемлекеттік жәрдемақы, ай сайынғы бала 1,5 жасқа толғанша, кірісінен айырылу жағдайы бойынша МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және І топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға мемлекеттік жәрдемақы мөлшері көтерілді.
1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болды. Бұл бірнеше төлемнің мөлшеріне әсер етеді. Өйткені, айлық есептік көрсеткіш көптеген есептеуде қолданылады. Мемлекет бюджеттен әлеуметтік төлемдерді осы көрсеткіш арқылы есептейді. Сондай-ақ айыппұлдар, мемлекеттік баждар және басқа да міндетті төлемдер осы көрсеткіш арқылы алынады. Жәрдемақы, мемлекеттік баж және ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдың қаншалықты өсетінін мына сілтемеге өтіп таныс бола аласыздар.
Бүгіннен бастап мобильді аударымдарға қатысты жаңа талаптар енгізілді. Соған сәйкес, түсімдер бойынша жаңа шекті мөлшер 12 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) енгізілді, яғни 3 ай ішіндегі түсім 1 млн-нан асқан жағдайда салық органдары аударымдарды бақылауға алады. Бір адамның шотына 5 млн, 10 млн теңге 2-3 адамнан түссе, онда ол бақылауға алынбайды немесе қаңтарда аударым алып, ақпанда аударым алмаса, ондай да есепшоттар бақыланбайды. Бақылауға ілінуі үшін шотқа 3 ай - қаңтар, ақпан, наурыз айларында ақша қатарынан түсуі керек.
Елімізде 3 миллионнан астам азаматтың сақтандырылған мәртебесі жоқ. Олардың шамамен 1 миллионы өздігінен жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ адамдар санатына жатады. 1 қаңтардан бастап бұл азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары жергілікті атқарушы органдардың есебінен төленетін болды. Сондай-ақ ресми түрде тіркелген жұмыссыз азаматтардың МӘМС жарналарын да жергілікті бюджеттен төлеу қарастырылған. Азаматтар өздерінің осы санаттарға кіретін-кірмейтінін білу үшін тіркелген емханаға жүгінуіне болады. МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға тегін зертханалық талдаулар, дәрігердің кеңесі, жоспарлы операциялар, емдеу және оңалту қызметтері қолжетімді.
Салықпен тікелей жұмыс істейтін мамандарға арналған «Халық бухгалтері» акциясын Қаржы министрлігі кәсіпкерлерге көмектесу үшін іске қосып отыр. Акция аясында ресми ресурстар арқылы онлайн-консультациялар беру көзделген. Сол үшін арнайы Telegram-арна құрылады. Сондай-ақ, оффлайн және онлайн форматта вебинарлар өткізілмек. Акцияға кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, кәсіби бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының мамандары тартылады. Акцияны бірінші жартыжылдық бойында өтеді.
Ауылдық елді мекендерде тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық мобильдік сертификаты немесе облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна енгізілді. Өткен жылғы тұрғын үй нарығын талдау нәтижелерін ескере отырып, оның мөлшері 1 160 АЕК-тен (1 160×3 932=4 млн 561 мың теңге – ред.) 1 625 АЕК-ке (1 625×4 325=7 млн 29 мың теңге – ред.) дейін ұлғайтылды. Бұл өзгеріс бүгіннен бастап күшіне енді.
Айналымға түскен әр тауарға Ұлттық тауарлар каталогындағы (ҰТК) NTIN код енгізілді. Бұл 13 таңбалы код тауардың бүкіл экожүйеде танылуын қамтамасыз етеді. Ол код болмаса, электрондық шот-фактура мен сүйемелдеу жүкқұжаты рәсімделмейді, кассалық чек пен кедендік ресімдеу мүмкін болмайды, 13 таңбалы кодты тауардың «цифрлық паспорты» деп атауға болады.
13 таңбаға тауардың атауы, құрамы, техникалық және тұтынушылық сипаттамалары, өлшем бірлігі, өндірушісі және шыққан елі туралы деректер жасырылады. NTIN код арқылы бухгалтерия, логистика, касса, кеден және статистика бірдей дерек алады.
Бизнес үшін бұл жүйе уақыт пен ресурсты үнемдеуге, қателерді азайтуға, импорт пен экспорт рәсімдерін жеделдетуге, брендті қорғауға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін нарықтың ашықтығы артып, контрафакт жолы қысқарады, реттеу саясаты нақты дерекке сүйенеді. Тұтынушылар толық ақпаратқа қол жеткізіп, өнімді көшірмеден айыра алады.
Зейнетақы активтерін басқару тәртібі өзгерді. Бүгіннен күшіне енген өзгерістерде басқарушы компаниялардың қызметін бағалау жүйесінің орташа сараланған нәтижелерден композиттік индекстер (бенчмарктар) бойынша бағалауға өтуі көзделген. Композиттік индекстер қазақстандық қор нарығының және әлемдік қаржы алаңдарының индекстерін қамтиды. Бұл жаһандық экономикалық үрдістерді ескере отырып, басқару нәтижелерін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, басқарушы компаниялардың тәуекел деңгейі, кірістілігі және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық стратегияларды ұсыну мүмкіндігі қарастырылған. Ол салымшыларға жеке қалауы мен рұқсат етілген тәуекел деңгейін басшылыққа ала отырып, тиісті инвестициялық бейінді дербес таңдауға, сондай-ақ зейнетақы активтерін әр түрлі инвестициялық стратегиялары бар түрлі басқарушыларға басқаруға беру арқылы әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қолжетімді қаржы құралдарының тізбесі кеңейтілді. Сондай-ақ әрбір инвестициялық стратегияның ерекшеліктерін ескере отырып, инвестициялаудың тиісті лимиттері белгіленді.
Энергетика министрлігінің «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы» бұйрығы күшіне енді. Соған сәйкес, электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың 66 тобы бойынша 2026-2032 жылдары аралығында электр энергиясының шекті тарифі өзгермейді.
Айта кетерлігі, өткен жылдың 8 қазанында Мемлекет басшысының төрағалығымен экономикалық даму сапасын арттыру және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтіп, оның қорытындысы бойынша макроэкономикалық тұрақтылық жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Осыған байланысты электр энергиясына шекті тарифтердің өсуін тоқтату туралы шешім қабылданған еді.
kaz.inform.kz