Ертіс өзеніне Сібір бекірелерінің шабақтары жіберілді

Ертіс өзеніне Сібір бекірелерінің шабақтары жіберілді

Жаңасемей ауданына қарасты Шаған ауылының маңындағы Ертіс өзеніне 128 мың сібір бекіресінің шабақтары жіберілді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Абай облысының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен жүзеге асты. 
Бұл акция Ертістегі бағалы балық түрі – Сібір бекіресінің популяциясын қалпына келтіруге бағытталған. Сонымен қатар, бұндай іс-шаралар аймақтағы биологиялық әртүрлілікті сақтауға ықпал етеді.
Қыркүйек айында Жаңасемей ауданындағы Шүлбі су қоймасына да 83 мың сазан жіберілді. Сонымен қатар, «Oilfish» ЖШС және «БШ ҒЗИ» ЖШС-нің бастамасымен қыркүйек айында Крупская ауылында жергілікті су қоймаларын бекіре тұқымдас балықтармен қорландыру акциясы өтті. Осы акция барысында Ертіске орташа салмағы 12 грамм болатын бекіре тұқымдас балықтар жіберілді.


#Абайская область, #рыба, #река Иртыш