Инвестиция тарту – өңір дамуының негізгі басымдығы

Инвестиция тарту – өңір дамуының негізгі басымдығы

Қазақстан халқына арналған Жолдауында Мемлекет басшысы инвестиция тартуды негізгі міндет ретінде айқындады. Осы тапсырма аясында өңірде бизнесті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүйелі әрі нақты жұмыстар жүргізілуде. Абай облысының әкімі  Семей қаласының тұрғындарымен өткен кездесуде  инвестициялық көрсеткіштердің айтарлықтай өскенін атап өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

«Жыл басынан бері өңірде іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 98-ге дейін артты. Тартылған инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,8 трлн теңгеге жетті. Бұл – жүргізіліп жатқан жұмыстың нақты нәтижесі», – деді өңір басшысы.

Аталған жобалардың 51-і Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген. Бұл инвесторлармен жұмыстың ашықтығы мен жүйелілігін қамтамасыз етеді.

2024 жылы жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 508 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазіргі таңда 10 жоба іске асырылып, 228 адам жұмыспен қамтылды. Іске асырылған жобалардың жалпы құны 16,1 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде Семей қаласында 7,75 млрд теңгеге 5 жоба жүзеге асырылып, 98 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін тағы 4 жобаны іске асыру арқылы қосымша 280 жұмыс орны ашылады.

Инвестиция тарту бағытындағы сыртқы байланыстарға да ерекше назар аударылуда.

«Жыл басынан бері 100-ден астам шетелдік инвестормен тікелей кездесулер өткізілді. “Үлкен Алтай” халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен жалпы сомасы 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды», – деп атап өтті облыс әкімі.

Бұл меморандумдар логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және өзге де экономиканың перспективалы салаларын қамтиды. Соның ішінде қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы құны 39,5 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру басталды. Оның екеуі – жалпы құны 31,7 млрд теңге болатын жобалар – жедел түрде жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, құны 5,7 млрд теңге болатын «Pana Complex Semey» қонақ үй кешені жақын арада пайдалануға беріледі. Бірінші кезеңде 180 орынға арналған қонақ үйде 130 нөмір ашылып, 105 жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, «Aqniet Group» компаниясы жүзеге асырып жатқан «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығының жалпы құны 26 млрд теңгені құрайды. Жоба толық іске қосылғаннан кейін тағы 100 адам жұмыспен қамтылады.

Өңірдің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Жуырда облыстағы ірі экспорттаушы кәсіпорындардың бірі – «Қазполиграф» ЖШС-нің картон қаптама өндіретін жаңа цехы іске қосылды. Кәсіпорын өнімінің шамамен 30 пайызы ТМД елдеріне экспортталады.

Сондай-ақ облыс әкімі Омбы облысында өткен «Ертіс: достық өзені – даму өзені» атты VII Халықаралық форумға қатысқанын атап өтті. Форум қорытындысы бойынша 2025–2028 жылдарға арналған халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар жоспарына қол қойылды.

«Бұл құжат 30 ынтымақтастық бағытын қамтиды. Оның ішінде туризм саласындағы бірлескен жобалар бар. Алдағы кезеңде бұл бағыттар өңір экономикасының өсуіне қосымша серпін береді», – деді өңір басшысы.

Жалпы, қабылданып жатқан шаралар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрақты экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарын құруға берік негіз қалыптастырып отыр.


#Абайская область, #инвестиция