Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік гранттар бөлініп жатыр
Абай облысының Курчатов қаласында өз бизнесін ашуға немесе дамытуға ниет білдірген жас және талантты кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетіліп жатыр. Қолдаудың қуатты құралдарының бірі – кәсіпкерлікке берілетін гранттар. Жастар арасында өз ісін ашуға бет бұрғандардың қатары жыл санап артып келеді және гранттар өз идеяларын жүзеге асыруда қаржыландырудың бастапқы көзі болуы мүмкін.
Курчатов қаласында жастарды кәсіпкерлікке тарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант беру жоспарына сәйкес 5 адамға грант бөлінді.
Қалалық комиссия 8 жобаны қарап, оның ішінде 5 жобаны мақұлдады. Бұл - «Киім тігу», «Жүктер мен тапсырыстарды қысқа мерзімдік сақтау мен беру пункті (ПВЗ)», «Балалар іс-шараларын ұйымдастыру», «TheRoom», «Балмұздақ, тәтті мақта және попкорн сату». Гранттардың жалпы сомасы 6 млн. 900 мың теңге. Бөлінген қаражат 100% игерілді.