Семейде «Абай елінен сарқыт» дүкені ашылады
Абай облысының орталығы — Семей қаласында жергілікті ұлттық өнімдер мен кәдесыйларды ұсынатын жаңа сауда орны — «Абай елінен сарқыт» дүкені ашылады. Бұл бастама — отандық өнім өндіретін «Адал Ас» компаниясының жаңа жобасы,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Жаңа дүкеннің мақсаты — жергілікті шеберлер мен ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің еңбегін дәріптеу, өңірдің рухани және мәдени мұрасын таныстыру. Мұнда Абай еліне тән экологиялық таза тағамдар, табиғи өнімдер, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен қолөнер кәдесыйлары сатылады. Сонымен қатар, дүкеннің ішкі дизайны мен атмосферасы да қазақтың салт-дәстүрін, Абай мұрасын насихаттауға бағытталған.


«Абай елінен сарқыт» дүкені ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ашылып отыр. Мерейтой аясында аймаққа еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті шет елдерден де туристер мен қонақтардың келуі күтілуде. Дүкен солар үшін Абай өңірінен естелік ретінде ала кететін ерекше, ұлттық стильде жасалған сыйлықтар мен өнімдер ұсынатын бірден-бір орынға айналмақ.
«Біздің басты мақсатымыз — ұлттың рухани байлығын ұлықтау, Абай мұрасын таныту және жергілікті өндірушілерге қолдау көрсету», — дейді «Адал Ас» компаниясының Құрылтайшысы Ермек Мезібаев.

Жаңа сауда нүктесінің ашылуы аймақ экономикасына оң ықпалын тигізіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар, дүкен жұмысына жергілікті шеберлер мен кәсіпкерлер тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Ұлы ақынның рухани мұрасы мен туған өлкесінің табиғи байлығын бір арнада тоғыстыратын бұл дүкен — Абай елінің шынайы келбетін көрсетуге арналған ерекше жоба болмақ.
#Семей, #Абайская область, #Адал Ас