Семейде қоғамдық көлік жаңаруда: орталық алаңда жаңа автобустар таныстырылды
Қаладағы орталық алаңда жаңа автобустардың таныстырылымы өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстарының барысымен танысты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Шара барысында қала әкімі Әділет Қожанбаев соңғы жылдары тұрғындар тарапынан ең көп шағымдардың бірі қоғамдық көліктің жағдайына қатысты болғанын атап өтті. Оның айтуынша, ескі автобустардың жиі істен шығуы мен олардың қолайсыздығы қала тұрғындарын алаңдатады.
«Соңғы жылдары қаладағы тұрғындардың ең көп өтініш білдіретін шағымдары автобустардың жүруіне қатысты болатын. Өздеріңіз әлеуметтік желілерден көріп жүргендей, ескі автобустар желіге шықпай қалады. Орындықтары тозған, суық деген әңгімелер көп болатын. Оның барлығын түсінеміз. Облыс әкімінің тапсырмасына орай, қаладағы автопарктер автобустарын жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы.

Қала басшысының айтуынша, биыл қоғамдық көліктерді жаңарту жоспары аясында 70-ке жуық автобус сатып алу көзделген. Жыл басынан бері бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған.
«Биылғы жоспарға сай 70-ке жуық автобус жаңартылуы керек болатын. Қаңтар айында 14 жаңа автобус алған болатынбыз, бүгін 32 жаңа автобус қаламызға келіп жатыр. Жылдың басынан 3 айдың ішінде 46 жаңа автобус әкелінді», – деді ол.

Сонымен қатар жаңа автобустардың қай бағыттарда жүретіні арнайы талдаудан кейін анықталатынын айтты.
«Нақты маршруттарды мердігермен бірге қарап, талдау жасап, ауыстыратын боламыз. Жалпы бұл жұмыстар ары қарай да жалғасатын болады. Қала тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау – біздің міндетіміз», – деді қала басшысы.

Жаңа автобустардың барлығы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Оларда жылыту жүйесі мен кондиционер қарастырылған.
«Бүгін келген автобустар жылы, кондиционері бар. Жазғы ыстықтарда да жүруге ыңғайлы болады деген ойдамын», – деп атап өтті қала әкімі.

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Бұл шаралар қала тұрғындарына қауіпсіз әрі жайлы қатынауды қамтамасыз етуге бағытталған
#Семей, #Абайская область, #автобус, #пассажирские перевозки