Ұлттық қор – балаларға: "Отбасы банк" басшысы қаражатты қандай мақсатта жұмсауға болатынын айтты
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қараша күні "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңына қол қойды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Zakon.kz сілтеме жасап.Астанадағы орталық коммуникациялар алаңында өткен жиын барысында "Отбасы банк" Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Қазақстанда екі тарихи оқиға тұспа-тұс келгенін атап өтті: 20 миллионыншы азаматтың дүниеге келуі және Президенттің Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға қаражат аударуды қамтамасыз ететін заңға қол қоюы.
"Заң– 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордан төлем қарастыруды көздейді. Бұл қаржы әрбір баланың арнайы шотына аударылады. Жобаны іске асыру 2024 жылдың қаңтарынан басталады, алғашқы қаражат 2024 жылдың ақпан айында түседі. Бұл қаржыны болашақта тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға болады", – деді ол.
Отбасы банк "Ұлттық қор – балаларға" жобасы операторларының бірі саналады.
"Президент азаматтарымызды, әсіресе балаларды, олардың болашағын қолдай отырып, тиісті заңға қол қойды, соның шеңберінде БЖЗҚ-да 18 жасқа дейінгі мақсатты жинақтарға арналған шот ашылады. Әр бала жыл сайын түсетін соманы көріп отырады, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы Қазақстанның барлық баласына теңдей бөлінеді. Ол үшін ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ. Мәліметтер мемлекеттік органдардың деректер базасынан алынып, кәмелетке толмаған қазақстандықтарға есепшот ашылады", – деп түсіндірді Отбасы банк басшысы.
Ләззат Ибрагимова бір жыл бұрын, яғни заңға осы түзетулерді әзірлей бастағанда, елімізде 6,7 миллион бала болғанын, қазір бала саны 7 миллионға жеткенін атап өтті.
"Ақпан айында түсуі мүмкін сома бала санына қарай өзгеріп отырады", – деді спикерлер.
Келесі жылдың басында 18 жасқа толғандар бұл қаржыны пайдалана алады.
#деньги, #Отбасы банк, #Национальный фонд