Үй жанындағы дүкендер сауда үстемесі талабын қалай орындап отыр

Үй жанындағы дүкендер сауда үстемесі талабын қалай орындап отыр

Тауарларға белгіленген шекті үстеме бағаны асырып қойғаны үшін өткен жылы көше бойындағы және үй жанындағы дүкендерге 4,3 мың әкімшілік қаулы шығарылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінен мәлім етті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сілтеме жасап.

- Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру аясында министрліктің аумақтық департаменттері еліміздің заңнамасына сәйкес тұрақты негізде тексерулер жүргізеді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 204-4 бабына сәйкес, ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген сауда үстемесінің мөлшерін арттыруы ескерту жасауға алып келеді. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін, бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Мәселен, 2024 жылы министрліктің аумақтық департаменттері ӘМАТ-қа сауда үстемесінің мөлшерін асырғаны үшін 4 384 әкімшілік қаулы шығарды, оның ішінде 16,8 млн теңге сомасына 284 айыппұл салынды және 4 100 ескерту берілді. Ал 2023 жылы ӘМАТ-қа сауда мөлшерін асырғаны үшін 760 әкімшілік қаулы шығарылса, оның ішінде 6 млн теңге сомасына 51 айыппұл мен 709 ескерту болды.

- Артық делдалдарды болдырмау, сондай-ақ ӘМАТ бағасының өсуін тежеу мақсатында азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Өңірлік комиссиялардың мақсаты – өнімсіз делдалдарды анықтау және оларға тыйым салу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде сауда үстемесінің мөлшерін асыра бағалауды анықтау. Мемлекеттік бақылау функциясы Сауда және интеграция министрлігіне берілген сәттен бастап өңірлік комиссиялардың қызметі фискалдық және басқа да органдарды тарта отырып күшейтілді (БҚДА, ҚМА, ҚМ МКК). 2024 жылы 1,4 мыңнан астам отырыс өткізілді, 4,4 мыңнан астам өнімсіз делдал анықталып, ішкі сауда субъектілеріне қатысты әкімшілік істер қозғалды (2023 жылы - 1 059 әкімшілік іс, 2022 жылы - 310 әкімшілік іс), - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Атап айтқанда, биыл жыл басынан бастап жергілікті атқарушы органдар өңірлік комиссияларының 153 отырысы өткізіліп, 530 өнімсіз делдал және сауда үстемесінің асып кету фактілері анықталды (506 әкімшілік хаттама толтырылды, 24 делдалға тыйым салынды). Комиссия жұмысының нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сататын делдалдар жойылады және сөрелердегі бағалар 5-тен 15%-ға дейін төмендетіледі.


#экономика, #тенге