Еңбегімен елге танымал болған жан
Еңбек адамы - қоғамның басты байлығы. Ол қашанда құрметке лайық. abaidan.kz агенттігінің "Еңбек адамы" айдарының кейіпкері - бірінші топтағы мүгедек, қолөнер шебері, желтоқсандық Абылайхан Асылбай. Ол жас кезінде ауыр жарақат алып, мүгедек атанса да, қиындыққа мойымай төзімділік пен еңбекқорлықтың ерен үлгісін көрсетіп келеді. Тағдырдың жазғанына төтеп берген хас шебер бүгінде еңбегімен елге кеңінен танымал.
Бүгінгі қолөнер бұйымдары – кешегі ата-бабаларымыз тұтынған дүниелер. Бұл - атадан-балаға жалғасып келе жатқан аманат. Менің басты мақсатым – өткеннің өнегесі болған туындыларды жасау арқылы адал еңбегіммен Тәуелсіз елімнің дамуына үлес қосу, - дейді ол.
Абылайхан Қалқанұлы 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысында көп балалы отбасында дүниеге келген. Өмір жолында «Ауыл шаруашылығы» техникумын және кәсіптік техникалық колледжді бітіреді. 1997 жылы құрылыста краннан құлап, омыртқасы зақымданады. Дәрігерлер оның енді өздігінен жүре алмайтынын айтады. Мамандардың болжамына қарамастан, басына түскен тауқыметті жеңуге тырысады. Осылайша тосын келген сырқатпен үш жыл бойы күреседі. Төсекке таңылса да, жаттығуларын тоқтатпайды. Қажыр-қайратының нәтижесінде балдақпен жүреді. Сол сәттен бастап қолөнер ісіне кіріседі. Қазақстандық қолөнер шебері, ғалым - этнограф Дәркембай Шоқпарұлынан тәлім алып, қолөнердің қыр-сырын меңгереді.
Шебердің айтуынша әкесі, атасы, тіпті арғы атасы да қолөнермен айналысқан көрінеді. Сол себепті бүгінде ата-бабасынан қалған істі жалғастырғанына қуанышты. Ол ешқашан өміріне шағымданған емес. Қайта қазақ халқының көне өнерін қайта жаңғыртуға белсене үлес қосуда.
Абылайхан Қалқанұлын 2000 жылдардың басында телеарнаға материал дайындау барысында көріп, таныстым. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Арбада отырып жер үйдің бір бұрышындағы шағын шеберханасында темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған жанды көргенде таң қалдым. Байсалды мінезі, сабырлы кейпі, өз ісіне деген адалдығы қолынан шыққан әрбір бұйымнан көрініп тұрғандай. Еңбек ептілікті сүйеді,- дегендей олардың әрқайсысын жасауға тәулігіне 10-12 сағат уақыт жұмсайтын көрінеді. Ал бұл жұмыс шеберліктен өзге, төзімділік пен табандылықты қажет ететіні сөзсіз. Шығармаларының ішінде 25 келі болатын қазақ жауынгерінің сауыты шебердің алғашқы туындысы. Нақты нұсқаулығы болмағандықтан, оны жасауға үш жыл уақыты кетіпті. Асқан төзімділік пен ерен еңбектің арқасында бүгінде бұл туынды көрмелердің төрінен орын алуда.
Шеберханасында ер – тұрманнан бастап, дулыға, сауыт-сайман, қару-жарақ, садақ, кіреуке, әшекей бұйымдар сынды түрлі зергерлік заттар бар. Бұл бұйымдарды ол өз қолымен қолда бар материалдардан жасайды. Олардың қатарында тері, ағаш, темір, тіпті консерві банкілері де бар. Қолөнерші қолға түскенді түгелдей ұқсатады. Тұрмыстық қалдықтарды да кәдеге жаратады. Көздің жауын алатын туындыларын көрмелерде көпшілікке паш етеді.
Ол Қазақстан шеберлерінің арасында өткен түрлі көрмелер мен байқаулардың жеңімпазы. Металдан жасалған бұйымдары еліміздің мұражайларына және жеке коллекцияларға қойылған. Тіпті, шетелдіктер де оның өнерін жоғары бағалауда. Бүгінде металл мен ағашты, сүйек пен теріні өңдейтін құрал-жабдықтары бар.
Ағаш балдаққа сүйеніп қалған Абылайхан Асылбай ешкімге қол жайып, көмек сұрап көрген жан емес. Керісінше, «қоғамға пайдам тисін», деп қазақтың қолөнерін дамытып келеді. Сол еңбегі ескеріліп Қазақстандағы ең танымал «100 жаңа есім» жобасы аясында таңдаулылар қатарынан көрінді. Мұндай жоғары нәтижеге төзімділік, еңбекқорлық, сүйіспеншілік пен өз ісіне адалдық сияқты қасиеттерге ие еңбек адамы ғана қол жеткізе алады.
«Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек...Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі — қазақтың төресі сол»,- деген екен Абай атамыз. Бүгінде Абылайхан Асылбайдан қолөнерді үйренуге ниет білдіргендер қатары артып келеді. Әсіресе, ерекше жандар жиі жүгінетін көрінеді. Қолөнер шебері олардың барлығына білгенін үйретіп, жол көрсетуден талмайды. Осы істі меңгеруге қатысты шеберлік сағаттарын да өткізеді. Қазірде қоғамдық санада тоғышарлық, масылдық, енжарлық секілді әлеуметтік бағдарлар орнай бастағанда еңбек етуге деген ынта мен жігер азайып, жұмыс өнімділігі төмендей түскенде ниет білдірушілер қатарынан жастарды көрудің өзі үлкен қуаныш. Сондықтан жұмыс барысында қай заманда да еңбексіз дүниенің бос екенін, сол үшін талмай сүйікті іспен айналысу керектігін айтудан жалықпаймын,-дейді қолөнер шебері.
Абылайхан Асылбай Абайгүл атты жарымен сүйкімді перзент тәрбиелеп отыр. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Президент Жарлығы бойынша, Саяси қуғын-сүргін құрбаны болып танылып, ақталды. Бүгінде «Абай облысы Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі. Оның еңбегі елеусіз қалған емес. Кеудесінде жарқыраған медальдары мен марапаттары – сөзіміздің дәлелі.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.
Ал «Еңбек – бәрін жеңбек»,- сөзінің қоғамның ұранына айналуы үшін барлық салада үздіксіз жұмыс жүргізілуі керек. Әсіресе бос жүрмей белгілі бір іспен айналысу, еңбекті бағалау, өз саласының маманы болу, адал қызмет ету сынды басқа да құндылықтар назарда болғаны шарт.
Еңбек адамы идеясы жалпы халықты еңбекке жұмылдырып, еңбек адамына деген құрметті арттыруы тиіс. Еңбек адамына мемлекет тарапынан мәртебе белгілеп, көтермелеу маңызды.