Ғылыми әлеуетті нығайтатын қадам

Ғылыми әлеуетті нығайтатын қадам

Қазақстанда атом электр cтансасының (АЭС) құрылысы – бұл қоғамда көптеген пікірталас туғызатын маңызды және көпқырлы мәселе.

АЭС салу туралы сөз болғанда халықтың басты мәселелерінің бірі – қауіпсіздік екені даусыз. 1986 жылы Чернобыль АЭС-інде, 2011 жылы Фукусима АЭС-інде және 1979 жылы АҚШ-тағы Три-­Майл-Айленд АЭС-інде апаттар­дың тарихи мысалдары осындай апат­тардың қайталану мүмкіндігіне алаңдаушылық туғызады.

Алайда Қазақстанда құрылыс үшін қауіпсіздіктің едәуір жоғары стандарттарына ие III және III+ жаңа буын реакторлары қарастырылады. Бұл реакторлардың басты ерекшелігі – cтансаның сыртқы және ішкі әсер­лерге төзімділігін қамтамасыз ететін активті және пассивті қауіпсіздік жүйе­лерінің үйлесімі. Бұл жүйелер автономды түрде жұмыс істей алады және төтенше жағдайда оператордың араласуын қажет етпейді, бұл адам факторынан туындаған қателіктердің ықтимал­дығын азайтады. Мұндай реакторлар үшін ауыр апат­тың ықтималдығы 10 миллион жылдық жұмыс үшін бір оқиғадан аз, бұл оларды алдыңғы буын реак­тор­лары­мен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз екенін көрсетеді.

Егер Қазақстан халқы референдумда АЭС салуды қолдаса, мемлекет халықаралық қауіпсіздік стан­дарттары­на сәйкес келетін заманауи жобалардың бір­ін таңдайды. Қарастырылып отырған технология­лардың ішіне ВВЭР-1200 (Ресей), EPR1200 (Фран­ция), HPR-1000 (Қытай) және APR-1400 (Оңтүстік Корея) реакторлары кіреді. Бұл жобалар жаңа буын реактор­ларға жататын­ын, жылу нейтрондарындағы реактор­лар­дың екі контурлы дизайнын және басқа елдерде осындай cтансаларды пайдаланудың оң тәжірибесінің болуын қамтитын кри­терий­лер негізінде құрастырылған «шорт тізімге» енгізілген. 

АЭС қауіпсіздігін бақылауды Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) жүзеге асы­рады, ол құрылыс пен пайдаланудың әрбір кез­ең­ін­де ха­лық­аралық стандарттардың сақталуын қадағалайды.

Қазақстанның атом энергетикасын дамыту сала­сындағы мемлекеттік саясаты базалық энергия өн­діру көздерін әртарап­тандыруға бағытталған. Қазір елдегі электр энергиясының шамамен 70%-ын көмір электр cтансалары өндіреді, олардың көп­шілігі қазірдің өзінде тозған. Көміртекті бей­тараптыққа көшу және климаттың өз­геруіне қарсы жаһандық күш-жігер жағ­­дай­ында көмір электр cтансалары өзектілігін жо­ғалтады. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында, ал оның қорлары көлемі бойынша Аустралиядан кейінгі екінші орында. Осылайша, атом энергиясын пайдалану тұрақты энергетикалық жүйені дамытудың табиғи қадамына айналады.

Қазақстанның ядролық технологиялар саласындағы ғылыми әлеуеті халықаралық аренада жоғары баға­ланады. Елімізде атом технологияларын әзірлеумен және зерт­теумен айналысатын Ұлттық ядролық орта­лық пен Ядролық физика институтын қоса алғанда, дамы­­ған ғылыми-техникалық инфрақұрылым бар. Қа­зақстанда үш зерттеу реакторы, Қазақстандық термоядролық ма­териалтану Токамак және ядролық медицина орталығы жұ­мыс істейді. Бұл ғылыми меке­мелер радиациялық қауіпсіздік, эко­логия және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың басқа да бағыт­тары саласындағы құзыреттерді белсенді дамы­туда. 2021 жылы Үлбі метал­лургия зауыты­ның аумағында Қытай­дың АЭС-тері үшін отын жинақтарын шығаратын зауыт пай­да­лануға берілді, бұл да Қазақстанның өзінің ядролық энергетикасын дамытуға дайындығын көр­сетеді.

Даулы мәселелердің бірі – АЭС-тің экология мен адам денсаулығына әсері. Атом энергиясы «жасыл» энергетикаға жатады, өйткені ол көмірқышқыл газын шығар­майды және жаһандық жылынуға ықпал етпейді. АЭС-ті пайдалану кезінде қуаты 1 200 мегаватт энерго­блогы үшін жылына шамамен 50 текше метр радио­активті қалдықтар түзіледі. АЭС 60 жылдан астам уақыт бойы пайдалануда болады, бұл кезде екі блокты cтансада бар­лығы 7 200 тоннаға жуық қалдықтар өндірілетін болады. Радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеудің қолданыстағы технологиялары оларды сақтау және кейіннен көму кезінде толық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Егер салыстырсақ, көмір эл­ектр cтансасының қалдықтары жыл сайын жүз­деген мың тоннаны құрайды. Радиоактивті қал­дықтар еш­қайда төгілмейді, бірақ уақыт­ша немесе тұрақты ра­дио­активті қал­дықтар қоймаларында сақталуы мүмкін. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуде Ұлт­тық ядро­лық орталығының және Ядро­лық физика инс­титутының тәжірибесі бар.

АЭС салатын жерді таңдау да маңызды аспект. Жүргізілген зерттеулердің қоры­тындысы бойынша қауіпсіздіктің барлық қажетті аспектісін және табиғи-климаттық факторларды (сейсмикалық қауіп, су рес­урстарының болуы, жер бедерінің болуы, геологиялық құбылыстар және т.б.), сондай-ақ бірінші кезекте елдің оңтүстігінде электр энергиясының болжамды тапшылы­ғын ескере отырып, cтансаның қуаты 2 800 МВт дейінгі АЭС құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауыл­ының аумағы ұсынылды. 

Сарапшылардың пікірінше, екі блокты АЭС-ті пай­даланудан судың қайтарымсыз шығыны (булануы) жылына 63 млн м3 құрайды, бұл Балқаш көлінің табиғи булануының 0,32%-на тең. Бұл ретте Бал­қаш көліндегі судың жалпы көлемі шамамен 108,3 млрд м3 құрайды, бұл АЭС-ті салқын­дату үшін қажетті көлемнен едәуір артық, демек АЭС Балқаш көліне айтарлықтай әсер етпейді.

Алайда су ресурстарына және су сапа­сына әсерді дәл бағалау үшін Қазақстан Республикасының эколо­гия­лық заңнама­сына сәйкес инженерлік ізденістер мен қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамтитын АЭС құры­л­ысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнін­дегі болашақ жұмыстар шең­берінде қосымша зерттеулер қажет болады.

АЭС Қазақстанның энергетикалық тәуел­сіздігіне айтарлықтай ықпал ете алады. Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарының, су электр cтан­саларының және жаңартылатын энергия көздерінің болғанына қарамастан елдің энергетикалық жүйесі қазірдің өзінде электр энергиясының тапшылығына тап болып отыр, ол болжам бойынша тек ұл­ғая­ды. Эко­­но­ми­калық дамуға және халықтың өсуіне байланысты өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам қуаттылығы бар cтансаларды іске қосуға жоспарланған. Оның ішінде қолдан­ыстағы cтансалардың жаңарту жұмыстары бар, жел мен күн электростан­саларының жаңа жобалары көзделген және газ cтан­саларының жобалары бар. Сонымен қатар екі үлкен қуатты реакторлары бар бір атом электр cтансасы қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан АЭС салу және пайдалану үшін білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударады. Жалпыәлемдік тәжірибеге сәйкес, АЭС-ті толыққанды пайдалану үшін жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2 000 адамнан тұратын қызметкер қажет. Маңызды аспект – бұл сан­ның шамамен 20%-ы ядролық физика және атом энергетикасы саласындағы білімі бар мамандар болуы керек, өйткені олар cтан­саның негізгі жүйелерінің жұмыс істеуін және қауіп­сіздікті бақылауды қам­та­­­ма­сыз етеді. Қазір Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында 17 мыңнан астам адам еңбек етуде, оның ішінде «Қаз­атомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да 15 мыңға жуық қызметкер бар. Бұл елдің атом энергетикасында жұмыс істеу үшін кадрлық әлеуетті кеңейтуге дайындығын көрсетеді.

Атом саласы үшін мамандар даярлау еліміздің жетекші университеттерінде «Ядролық физика», «Тео­рия­лық ядролық физика», «Ядролық инженерия», «Атом электр cтансалары мен қондырғылары» және басқа да сабақтас пәндер бойынша жүргізіледі. Салалық мамандарды даярлауға қатысатын негізгі жоғары оқу орындарының ішінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетін, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетін, Семей қаласын­дағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетін және Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетін атап өтуге болады. Білім беру бағдарламаларының маңызды элементі қос дипломды бағ­дар­ламаларды енгізуге мүмкіндік беретін хал­ық­аралық университеттермен ынты­мақтастық.

Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде жетекші ядролық зерттеу орталықтарының бірі Ресейдің «Дубна» университетімен бірлесіп іске асырылатын екі дипломды бакалавриат бағдарламасы жұмыс істейді. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ресейдегі «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті «Теориялық ядролық физика» бағыты бойынша бірлескен магистрлік бағдарламаны іске қосты. 

Сонымен қатар білім алушылар Үлбі металлургия зауыты, Ядролық физика инс­титуты, Ұлттық ядролық орталығы сияқты мекемелерде, сондай-ақ металлургия саласы кәсіпорындарында алған білімдерінің әмбебап­тығына байланысты ғылыми-зерт­теу зертханаларында тәжірибеден өтеді.

Бұл білім беру бастамалары Қазақстанға жоғары деңгейдегі мамандарды даярлап қана қоймай, атом саласы үшін кадрлар даярлауда халықаралық стан­дарттарды қолдауға көмектеседі. Осылайша, Қазақстан атом энергетикасын табысты дамыту және елімізде ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану үшін қажетті сенімді маман базасын құруда.

АЭС қызметкерлерінің, әсіресе әйел­дердің денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Атом cтансаларында жұмыс істеу ион­даушы сәулеленудің әсерімен байла­нысты болғанымен, қазіргі заманғы АЭС-тер жұмысшылар мен халықты сенімді қорғауды қамтамасыз ететін радиациялық тәуекелдерді барынша азайтуды ескере отырып жобаланады.

Осылайша, Қазақстанда АЭС салу – бұл энер­ге­тикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, экономикалық дамуға және елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал ететін стратегиялық қадам. 

Гүлмира МҰРСАЛОВА,

Атом энергетикасы және өнеркәсібі

департаменті директорының орынбасары


#экономика, #энергетика, #Казахстан, #АЭС, #энергия