Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке үздік атау беру конкурсы басталды
25 қыркүйек күні сағат 12:00-де Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпыхалықтық конкурс басталды.
Конкурсқа әрбір қазақстандық eGov Mobile арқылы қатыса алады.
Сауалнама eGov Mobile мобильді қосымшасында жүргізіледі. Басты парақшада «АЭС-ке атау ұсыныңыз» баннері орналастырылған, ал пайдаланушыларға конкурстың басталғаны туралы push-хабарлама жіберіледі.
Бастаманың мақсаты – болашақ станцияға тарихи, мәдени және ұлттық маңызын айқын көрсететін атау таңдау.
Қатысу үшін:
- тілді таңдау (қазақ немесе орыс);
- өз нұсқасын ұсыну;
- атаудың мағынасын қысқаша сипаттау (міндетті емес);
- конкурстың ресми қағидаларымен танысқанын растау.
Ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазандағы сағат 23:59-ға дейін жалғасады.
Конкурс қағидаларымен Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің ресми сайтында және ведомствоның әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында танысуға болады.
Ұйымдастырушылар барлық азаматтарды еліміздің энергетика саласының тарихына үлес қосып, Қазақстанның алғашқы АЭС-на атау ұсынуға шақырады.