Коммуналдық сектор реформасы: ұлттық жоба талқыланды
Абай облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асыру тетіктері мен ақпараттық-коммуникациялық сүйемелдеуіне арналған воркшоп өтті. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. Жиынға Қазақстанның PR және медиа саласының кәсіби мамандары қауымдастығының (APRM) төрайымы Ақерке Берлібай, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Энергетика министрлігінің, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ өкілдері, Абай облысының ТҮКШ мамандары, БАҚ өкілдері қатысты. Басқосу барысында мемлекеттік коммуникацияның тиімділігі, инфрақұрылымдық жаңғырту бағыттары және өңірлік түйткілдер кеңінен талқыланды.

Сараптамалық сессияда «Өзгерістер кезеңіндегі стратегиялық коммуникациялар: сезімтал тақырыптармен жұмыс істеу және қоғам сенімін нығайту» тақырыбында бизнес-тренер, PR-стратег, Қазақстанның PR және медиа саласының кәсіби мамандары қауымдастығының (APRM) төрайымы Ақерке Берлібай баяндама жасады.

Ол қазіргі ақпараттық кеңістікте тек ақпарат тарату жеткіліксіз екенін атап өтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің сапалы коммуникацияға тікелей байланысты екенін айтты.
«Стратегиялық коммуникация дегеніміз тек пресс-релиз немесе ресми мәлімдеме емес. Бұл – адамдардың көңіл-күйін, қорқынышын, күмәні мен үмітін түсініп, қоғаммен шынайы диалог орнату», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, мемлекеттік органдар жиі жіберетін негізгі қателік – ақпаратты тек ресми форматта таратып, халықтың эмоциялық қабылдауын ескермеу. Әсіресе тариф, салық, коммуналдық қызмет секілді сезімтал тақырыптарда азаматтар үшін баға ғана емес, әділеттілік пен ашықтық маңызды.
«Қазіргі қоғамда коммуникация қарапайым, түсінікті және визуалды болуы тиіс. Ақпарат шынайы әрі қолжетімді болмаса, сенім де әлсірейді», – деп түйіндеді Ақерке Берлібай.
Жиында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Болатбаев Нұрлан Нұрмұхамбетұлы ұлттық жобаның негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, елдегі коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі әлі де жоғары.

«Орта есеппен желілердің тозуы 60 пайыздан асады, ал кейбір өңірлерде 90 пайызға дейін жетеді», – деді ол.
Спикердің айтуынша, ұлттық жоба бірнеше стратегиялық міндетті көздейді:
- тарифтердің күрт өсуін болдырмау (ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыру есебінен);
- әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй көмегін көрсету;
- отандық өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу;
- цифрландыру мен smart-технологияларды енгізу;
- өңірлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту.
Оның сөзінше, қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде, соның ішінде Абай облысында да бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Жиында сондай-ақ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Энергетика министрлігінің, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ өкілдері сөз сөйлеп, салалық тетіктер мен қаржыландыру модельдерін талқылады. Мамандардың пікірінше, жаңғырту жұмыстары тек инфрақұрылымды жаңартумен шектелмей, басқару тиімділігін арттыруға және саланы цифрландыруға бағытталуы тиіс.

Абай облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтканов өңірдегі негізгі проблемаларды атап өтті. Оның айтуынша, басты төрт мәселе – жылу тапшылығы, электр энергиясының жетіспеушілігі, инфрақұрылымның тозуы және инженерлік желілердің ескіруі.
«Президенттің, Үкіметтің және облыс әкімі Берік Уәлидің қолдауының арқасында соңғы жылдары ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Біз жүйелі түрде ілгерілеудеміз, бірақ әлі де шешімін қажет ететін түйткілдер бар», – деді ол.
Басқарма басшысы өткен жылы өңірде жылу көздері мен инженерлік желілерді жаңғыртуға 17 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Биыл да бұл жұмыстар жалғасуда.
«Біз барлық мәселені бірден шеше алмаймыз, себебі бұл – кезең-кезеңімен іске асатын ұзақ процесс. Қазірдің өзінде екі ірі жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр», – деді Раджан Сейтканов.
Оның айтуынша, инфрақұрылымның жаңаруы тек коммуналдық жүйені жақсартып қана қоймай, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салуға да жол ашады. Жиынға қатысушылардың ортақ пікірінше, энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту – тек техникалық реформа емес, сонымен қатар қоғаммен ашық коммуникацияны талап ететін күрделі процесс. Мамандар атап өткендей, ұзақ жылдар бойы қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс, тұрақты қаржыландыру және ең бастысы – халық сенімін нығайтуға бағытталған тиімді коммуникация қажет.
#Семей, #Абайская область, #ЖКХ, #инфраструктура