Абай облысында көлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталады

Абай облысында көлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталады

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2025 жылға арналған жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталатынын хабарлады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Еркебұлан Нүкебаев мәлімдеді.

Салық мөлшері көлік түріне, қозғалтқыш көлеміне және кей жағдайда көліктің Қазақстанда алғаш тіркелген жылына байланысты есептеледі. Көлік салығы тұрғылықты жері бойынша БЖК – 104402, ТТК – 911 кодтары арқылы төленеді.

Салық сомасын мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдар ұсынған деректер негізінде есептейді. Қазақстан аумағында тіркелген көлік құралының меншік иесі салық төлеуге міндетті, ал көлікті сенімхатпен немесе жалға беру бұл міндеттен босатпайды.

– Көлік құралдары салығынан Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлері, соғыс жылдарында тылда еңбек еткен азаматтар, сондай-ақ Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлері және жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған азаматтар босатылады,- дейді спикер.

Сонымен қатар «Батыр ана» атағын алған немесе «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері көпбалалы аналарға және мүгедектігі бар адамдарға бір автокөлік құралы бойынша салық жеңілдігі қарастырылған.

Спикердің айтуынша, бұл жеңілдік қозғалтқыш көлемі 4 000 текше сантиметрден асатын және 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін тіркелген жеңіл автокөліктерге қолданылмайды. Егер меншік иесінде бірнеше көлік болса, жеңілдік қозғалтқыш көлемі ең үлкен бір көлік құралына ғана беріледі.


#Абайская область, #департамент госдоходов, #налог