Абай облысында мүлік салығының мөлшері артты

Абай облысында мүлік салығының мөлшері артты

2024 жылға арналған жылжымайтын мүлік пен жер салығын төлеу мерзімі 1 қазанда  аяқталады.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова мәлімдеді.

- Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің базалық құны 12 000 теңгеден 36 000 теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар, жер учаскелеріне қолданылатын базалық ставка да 0,39 теңгеден 0,58 теңгеге артты. Осы өзгерістердің нәтижесінде пәтер немесе тұрғын үй иелерінің салық жүктемесі де айтарлықтай көбейді. Бұрын мұндай салық ставкалары облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалар үшін қолданылған. "Енді қаланың жаңа мәртебесіне байланысты бұл талаптар Семейде де енгізіді", —деді Әсем Тұрлыбекова.

Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, мемлекеттік награда иегерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, “Батыр ана” атағына ие көпбалалы аналар, “Алтын алқа” иегерлері және жалғыз тұратын зейнеткерлер мүлік пен жер салығынан босатылады. Бұл туралы Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Еркебұлан Нүкебаев толық ақпарат берді.

– Бұған дейін аталған санаттағы азаматтар мүлік құны жеңілдік шегінен аспаған жағдайда, мүлік салығынан толық босатылатын. Алайда, Семей қаласының әкімшілік орталық мәртебесіне ие болуына байланысты, бағалау құны артты, сондықтан белгіленген шек (1000 немесе 1500 АЕК – жеңілдік түріне байланысты) асып кеткен жағдайда артық сомаға салық есептелетін болады. Айта өтсек, кей азаматтар базалық құнның 12 000-нан 36 000 теңгеге өсуі салықты үш есе арттырады деп қате түсінуі мүмкін. Алайда, салық мөлшері мүліктің бағалау құнына қарай, өсу тәртібімен қолданылатын ставкалар негізінде есептеледі. Сондықтан әрбір жағдайда жеке есеп жүргізілуі қажет, – деп атап өтті спикер.

Салық сомасын бірнеше жолмен білуге болады: e-Salyk Azamat мобильді қосымшасы, kgd.gov.kz сайты, Kaspi.kz және Homebank қосымшалары арқылы.


#Семей, #Абайская область, #финансы, #налог