Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырудан нақты кімдер босатылады

Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырудан нақты кімдер босатылады

Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілеу басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250-СЕН) тапсырудан нақты кімдер босатылатындығын мәлімдеді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Шетелде жылжымайтын мүлкі және көлігі, шетелдік банктердегі банктік есепшоттарда 3,7 млн теңгеден (1 000 АЕК) астам сомадағы ақшасы, инвестициялық бағалы металлдары, шетелдік компанияға қатысу үлесі, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі, цифрлық активтері, дебиторлық/кредиторлық берешегі, сонымен қатар шетелде құны 1 000 АЕК-тен асатын бұйымы болмаған жағдайда олар 250 салық есептілігі нысанын тапсырудан босатылады. Яғни, шетелде мүлкі жоқ адамдарға декларация тапсыру міндетті емес», - деді Ерсайын Көптілеуұлы.

Оның атап өтуінше, шетелде мүлкі бар Қазақстан азаматтары, декларацияны өз еркімен ұсынғысы келгендер, сайланбалы лауазымға, мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткерлер және оларға теңестірілген кандидаттар, банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болатын жеке тұлғалар декларацияны жыл сайын тапсырады. Мұнан бөлек, Кірістер мен мүліктер туралы декларацияны (270-СЕН) осы уақытқа дейін тапсырып келген санат алдағы уақытта да міндетті болып қала береді.

«Қазақстанда не болмаса шетелде өзіндік құны 20 000 АЕК-тен (74 млн теңге) асатын мүлік сатып алғандарға 270-нысанын тапсыру міндетті болады», - деді ол.

Бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев декларация тапсырудан босатылатын санатты атаған еді.

Фото: Қаржы министрлігі


#декларация, #финансы, #налог