«Халықтық бухгалтер» акциясы: Абай облысының 4 мыңға жуық тұрғынына көмек көрсетті

«Халықтық бухгалтер» акциясы: Абай облысының 4 мыңға жуық тұрғынына көмек көрсетті

 30 маусымда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған республикалық «Халықтық бухгалтер» акциясы өз мәресіне жетті. Алты айға жуық уақыт бойы еліміздің барлық өңірлерінде тұрғындар мен кәсіпкерлер салық заңнамасы, бухгалтерлік есеп, салық есептілігін тапсыру және мемлекеттік ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу мәселелері бойынша тегін консультациялар алу мүмкіндігіне ие болды.

Абай облысында азаматтарды кәсіби бухгалтерлер мен мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі қызметкерлері қабылдады. Акция өткізу кезеңінде барлығы 3945 азамат пен бизнес өкілі білікті консультациялық көмек алды. Мамандар жалпы саны 8,5 мыңға жуық сұрақты қарап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сұрақтар салық салу, арнаулы салық режимдері, салық міндеттемелерін орындау, электрондық сервистер және басқа да өзекті тақырыптарды қамтыды.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияровтың айтуынша, акция мемлекет пен салық төлеушілер арасындағы ашық диалогтың тиімді алаңына айналды.

«Акцияның басты мақсаты тек консультациялық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар халықтың салықтық сауаттылығын арттыру болды. Біз салық заңнамасын әрбір азамат пен кәсіпкер үшін барынша түсінікті әрі қолжетімді етуге ұмтылдық. Қатысушылардың жоғары белсенділігі мұндай форматтың сұранысқа ие екенін көрсетті. Акцияға қатысқан барлық мамандарға және қызығушылық танытқан облыс тұрғындарына алғысымды білдіремін», – деп атап өтті Руслан Данияров.

Департамент басшысының айтуынша, акцияның аяқталуы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тоқтайтынын білдірмейді. Мемлекеттік кірістер органдары алдағы уақытта да семинарлар, халықпен кездесулер, ашық есік күндері, көшпелі консультациялар және азаматтардың салық мәдениеті мен хабардарлығын арттыруға бағытталған басқа да іс-шараларды өткізуді жалғастырады.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде ашықтық, консультациялардың қолжетімділігі және салық төлеушілерді уақтылы ақпараттандыру ведомство қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.


#Абайская область, #экономика, #финансы