"Ұлттық қор-балаларға" жобасы іске қосылды

Елімізде 2024 жылдан бастап "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылды. 2006 жылдан бері туған балалар үшін Ұлттық қордың инвестициялық табысынан жинақтаушы шотына қаражат аударылады. Жоба бойынша қаржы 18 жыл бойы бөлініп, мерзімнен бұрын алу мүмкіндігінсіз кәмелетке толғанға дейін сақталады. Өңірлік коммуникациялар алаңында "Ұлттық қор – балаларға"бағдарламасы бойынша қаржы қалай аударылатынын және балалардың қажетіне қалай жұмсалатыны жайлы Отбасы банкі облыстық филиалының Бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Арман Әбішев түсіндірді,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап- Бағдарламаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ы Қазақстан балаларының арнайы жинақ шоттарына 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Қаржы Қазақстан азаматы саналатын және 18 жасқа толмаған барлық балаға теңдей бөлінеді. Қаражат БЖЗҚ-дағы жеке шоттарға түседі, шот "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер базасындағы ақпарат негізінде әр балаға автоматты түрде ашылады, яғни ата-аналарға банкке немесе БЖЗҚ-ға арнайы барудың қажеті жоқ. Алғашқы төлемдер мақсатты шоттарға 2024 жылдың 1 тоқсанында түсе бастайды. Ақшаны бірден шешіп алуға болмайды. Ақша балалардың мақсатты жинақ шоттарында бала 18 жасқа толғанға дейін жиналып тұрады. 18 жасқа толған соң ақша шотта 10 жыл сақталады. Егер жинақталған қаражат 28 жасқа дейін пайдаланылмаса, ол алушының зейнетақы шотына аударылады, - деп атап өтті Арман Әбішев.

Сондай -ақ, 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап депозит ашып, балаларының біліміне ақша жинауды Отбасы банкінде де бастауға болады. Отбасы банкі мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МББЖЖ) қатысушысы болады және 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап қазақстандықтар банкте "AQYL" білім беру жинақтау салымын аша алады.

- Депозитті 12% пайыздық мөлшерлемемен үш жыл мерзімге және 9,5% пайыздық мөлшерлемемен бес жылға ашуға болады. Мемлекеттік сыйақы салымшылардың барлық санаттары үшін 5% мөлшерінде есептелетін болады. Бірақ жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардан шыққан және жан басына шаққандағы орташа табысы төмен отбасыларға ашылған депозиттерге мемлекет сыйлықақысы - 7% есептеледі, - деп түсіндірді спикер.

"Ұлттық қор – балаларға"бағдарламасы бойынша толығырақ ақпарат алу үшін 1414 телефоны немесе "Отбасы Банкі" консультанттарына хабарласуға болады.


#дети, #Национальный фонд