Үміт Шаяхметова: “Базалық мөлшерлеме шамамен 12% болады”
Үміт Шаяхметова жыл соңына қарай теңге бағамы қандай болуы мүмкін екенін айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Түркітілдес журналистер қорына сілтеме жасап.
Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова 20 ақпанда Алматыда өткен Women in Business халықаралық іскер әйелдердің форумына қатысты. Басқарма төрайымы бүгінде бизнес жүргізуде әйелдер ер адамдардан кем түспейтінін атап өтті.
Банк басқарма төрайымы форумда сөйлеген сөзінде 2023 жылды қорытындылап, 2024 жылға өз болжамын айтты.
– Жағдай тұрақталды, біз жақсы экономикалық өсім көрсеттік. Банкирлер ретінде біз үшін үлкен мәселе болды — санкцияларды сақтау. Біз банк ретінде санкциялық шектеулерге байланысты белгілі бір мәмілелерді жоғалттық. Дегенмен біз кез келген уақытта көптеген күтпеген жағдайларға, мысалы, мемлекеттік саясаттағы, геосаяси алаңдағы өзгерістерге үйреніп қалдық. Бизнесті жаңа жағдайларға бейімдеуді үнемі талап ету қалыпты жағдайға айналды, – деді банк басқарма төрайымы.
Шаяхметованың айтуынша, былтыр экономикалық өсім 5%көрсетіп, инфляция 9,8%-ға төмендеген. Сондай-ақ, ол базалық мөлшерлеменің төмендегенін атап өтті. Айтуынша, 2024 жылдың қаңтарында базалық мөлшерлеме 15,25%-ғадейін төмендеген.
Осы ретте банк басқарма төрайымы жыл соңына қарай базалық мөлшерлеме қандай болатынына болжам жасады.
«Біздің болжамымыз бойынша, жыл соңында базалық мөлшерлеме шамамен 12% болады, яғни ол төмендей береді, ал теңге бағамы шамамен 485 теңге болады деп болжап отырмыз. Ал инфляция Үкімет пен Ұлттық Банк болжамынша, 8% шамасында болады«, – деді Halyk Bank басқарма төрайымы.
Сондай-ақ, Үміт Шаяхметова еліміздегі несиелеу мәселесіне тоқталды. Айтуынша, негізгі өсім бөлшек портфельде байқалды. Басқарма төрайымы Halyk Bank бөлшек портфеліндегі несиелеудің өсімі 30%-ға жетіп, бизнеске арналған кредиттік портфель 13%-ға өскенін атап өтті.
– Негізгі өсім қараша-желтоқсан айларында тіркелді. Мен мұны базалық мөлшерлеменің төмендеуімен байланыстырамын, өйткені бизнес үшін 20-25%-ға несие алу өте қымбат, себебі маржаны да сақтау қалу керек. Бүгінгі теңге мен рубль арасындағы диспропорцияға байланысты ресейлік өндірушілер тарапынан үлкен бәсекелестік бар, сол сондықтан да біздің өндірушілерге жоғары мөлшерлемемен бәсекелесу қиынға соғады, – дейді Шаяхметова.
Бұдан бөлек, Шаяхметова елімізде 2024 жылы басталған жалпыға бірдей декларациялау тақырыбына тоқталды.
– Өте үлкен мәселе – ақпараттың құпиялылығы. Мысалы, өткенде ҚазҰУ тізіміне байланысты шыққан жанжал (студенттердің интимдік өмірі туралы таралған жеке ақпарат). Сонымен қатар, алаяқтық мәселесі – алаяқтардың деректерді қайдан алғаны белгісіз. Бұдан басқа, салық төлеушілердің мәселесі –олар декларацияны қалай қолданады, әлі белгісіз. Есеп берудің нақты түрлері әлі жоқ. Дәл қазіргі кезең бұл қаржыгерлер мен салық салушыларға арналған уақыт – мысалы, консалтингтік бизнес ашуға болады, біз де банк ретінде бұл туралы ойланып жатырмыз, – деп қорытындылады Үміт Шаяхметова.
#Алматы, #фондтюркоязычныхжурналистов, #Халық банкі