Заңсыз активтерді қайтару: Арнаулы мемлекеттік қорға 176,3 млрд теңге жиналды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шетелге заңсыз жылыстатылған активтерді елімізге қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл бағытта Арнаулы мемлекеттік қор ашылды. Бұл қорды құрудағы мақсат қандай және бүгінге дейін шотқа түскен қаражаттың мөлшері қанша? Осы және өзге де сұрақтарға Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшенов жауап берген еді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі KAZINFORM -ға сілтеме жасап.
- Бақытбек Кәкімұлы, Арнаулы мемлекеттік қордың міндеті қандай? Қорға түсетін түсімдердің қалыптасу жолын айтып берсеңіз...
- Арнаулы мемлекеттік қор – еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес Қаржы министрлігінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында қаражаттың түсімдері мен шығыстарын есептеуге ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты.
Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңында және еліміздің басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған мүлікті өткізуден, сондай-ақ қолданыстағы заңға сәйкес басқарушы компанияның меншігіне немесе оның активтерді басқару жөніндегі қызметінің нәтижесінде мүлікті өткізуден түскен ақша.
- Бүгінде Арнаулы мемлекеттік қорда қанша қаражат жиналды?
- 2024 жылдың 13 қыркүйегіндегі мәліметке сүйенсек, қордағы түсімдер 176,3 млрд теңгеге жеткен. Айталық, 5,7 млрд теңге «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-інен (Басқарушы компания) түскен. Оның ішінде 5,559 млрд теңге активтерді сатудан жиналса, 159 млн теңге активтерді басқарудан түсіп отыр.
– Енді осы қаражаттың қандай бағытқа жұмсалатынын түсіндіріп берсеңіз?
- Бюджет кодексіне сәйкес Арнаулы мемлекеттік қордағы қаражатты бөлу мәселесі Республикалық бюджет комиссиясында міндетті түрде орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде шешіледі.
Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты әлеуметтік жобаларды, денсаулық сақтау, білім беру, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын, мүгедектігі бар адамдарды, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, ауыл жастарын, жұмыссыздарды, моноқалалар, ауылды жерлердегі халықтың мұқтаждықтары үшін коммуналды және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым нысандарын дамытуға арналған жобалар мен Үкімет белгілеген өзге де жобаларды, сондай-ақ экономикалық жобалар мен маңызды салаларды нығайтып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін қажетті өндірістерді құруға (жаңғыртуға) байланысты жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Бұл ретте қордағы қаражат шектеулі болған жағдайда әлеуметтік жобаларға басымдық берілетінін айта кеткен дұрыс.
Арнаулы мемлекеттік қордың қаржыландыру тетігі Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау қағидаларында белгіленген (ҚР Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 20 қыркүйектегі №165 бұйрығымен бекітілген). Осыған сәйкес мемлекеттік органдар әзірлеген жобалар Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық сараптамасына жіберіліп, Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қаржыландыру мәселесі Қаржы министрлігінің Республикалық бюджет комиссиясында қаралып, тиісті қорытынды шығарылады.
- Қор арқылы қаржыландырылатын әлеуметтік және экономикалық инвестициялық жобалар қандай өлшемдерге сай іріктеледі?
- Көрсетілген қағидаларға сәйкес жобаларды қор есебінен қаржыландырудың критерийлері бар:
1) жобалар Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында көрсетілген және Президенттің жүктеген тапсырмаларына сәйкес болуға тиіс;
2) жобалар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес бюджеттік инвестициялық саясаттың басымдыққа ие бағыттарының біріне (экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымдық-инновациялық даму, әлеуметтік саланы жаңғырту) сай болуы қажет;
3) нысандарды салу немесе жаңғырту жөніндегі жобалардың техникалық жағынан күрделі емес әрі (немесе) үлгілік жобаларға сәйкестігі (ҚР ҰЭМ 2015 жылғы 28 ақпандағы №165 бұйрығымен бекітілген);
4) жобалар елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес болуы керек (ҚР ҰЭМ, ҚР БҒМ, ҚР ДСМ, ИИДМ, МСМ және ЦДИАӨМ бірлескен бұйрығымен 2019 жылы бекітілген);
5) басқа көздер есебінен қаржыландыру қайталанбау қажет;
6) қоғамдық бастамамен қолға алынған жоба және (немесе) оның бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялануы керек.
- Осы жобаларды таңдау басталды ма? Олар қазір қандай кезеңде тұр?
- Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның, яғни Ұлттық экономика министрлігінің жұмыс тәртібімен ұсынылған ақпараты бойынша қор есебінен қаржыландыруға жоспарланған жобалар орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан қарауға түскен жоқ.
- Арнаулы мемлекеттік қор қаражатының түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты қоғам өкілдері қалай біле алады?
- «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қор қаражатының түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты Қаржы министрлігі жыл сайын жариялауы тиіс.