Желтоқсанда көптеген қазақстандық үшін ұялы байланыс пен интернет қымбаттайды

Желтоқсанда көптеген қазақстандық үшін ұялы байланыс пен интернет қымбаттайды

Қазақстандық байланыс операторы кейбір тарифтердің бағасын көтермек. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz  сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Kcell және Activ абоненттеріне тарифтер бойынша абоненттік төлем өсетіні туралы хабарламалар келген болатын.

Редакцияның ресми сұрауына жауап ретінде Kcell (Activ брендінің иесі) 13 желтоқсаннан бастап Kcell және Activ 18 тарифтік жоспар құнын өзгертуді жоспарланғанын хабарлады.

"Бағалардың орташа өсімі тарифтің қазіргі шарттарына байланысты 6-дан 25 пайызға дейін (орта есеппен 400 теңге) болады", – деп хабарлады Kcell өкілдері.

Компания мәліметінше, Kcell және Activ тарифтік саясаты нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасады.

"Біздің өзіндік құнымыз жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, электр энергиясының қымбаттауы тариф құнына тікелей әсер етеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бір базалық станция 20 орташа пәтер тұтынатын электр энергиясын пайдаланады. Сонымен қатар, валюта бағамының ауытқуы да қызмет құнына әсер етеді, себебі желіні жаңғырту және қолдау үшін қажетті жабдық шетелден сатып алынады", – деп түсіндірді компания.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) Tengrinews.kz сұрауына жауап ретінде 2017 жылдан бастап мемлекет ұялы байланыс операторларының қызмет көрсету бағасын реттемейтінін айтты. Байланыс туралы заңға сәйкес, операторлар баға мен тарифтерді өздері анықтайды.

ИнтернетҰялы байланысҚымбатшылық


#интернет, #сотовые операторы