2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енбек
Елімізде келесі жылдан бастап салық жүйесіне ауқымды өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникацияла Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров баяндады.

• Жаңа Салық кодексі аясында салық есептілігін тапсыру көлемі 30 %- ға қысқарады. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі бұрынғыдай 20 % деңгейінде сақталады. Сонымен қатар жекелеген салалар үшін жаңа ставкалар белгіленді: банк секторы мен ойын бизнесі үшін – 25 %, қаржы лизингі үшін – 10%. Әлеуметтік салада, атап айтқанда , білім беру мен медицинада алдағы жылы 5 %, ал 2027 жылдан бастап 10 % мөлшерлеме қолданылады. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бұрынғыдай 3 % ставка сақталады, – деді Руслан Данияров.
Сонымен қатар, келер жылдан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 % деңгейінде белгіленеді. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында есепке жатқызылатын қосылған құн салығының үлесі 70 % - дан 80 %- ға дейін арттырылып, ал тіркеу шегі бұрынғы 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілді. Жеті арнаулы салық режимінен үшеу қалады.
- Жеке табыс салығына келсек, оның базалық мөлшерлемесі өзгеріссіз қалып, 10 % көлемінде сақталды. Дегенмен жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар үшін 15% жоғарылатылған ставка қолданылады. Қызметкерлерге арналған салықтық шегерім көлемі 14 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайып, бұл жалақының қолдағы нақты сомасының артуына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға арналған шегерім көлемі едәуір көбейтілді. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толықтай босатылды, – деп атап өтті департамент басшысы.
Келер жылдан бастап акциз мөлшерлемелері жыл сайын 10 % өспек. Алғаш рет энергетикалық сусындарға да акциз енгізіліп отыр: оның көлемі литріне 100 теңге болып белгіленіп, бес жыл ішінде кезең-кезеңімен 240 теңгеге дейін жететін болады.
- Жаңа кодекстің тағы бір маңызды жаңалығы – арнаулы салық режимдерінің оңтайландырылуы. Бұл бағытта салық түрлері мен ставкалары қысқартылып, 12 салықтың бірі, 10 төлемнің үшеуі, сондай-ақ бірқатар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баждар алынып тасталды. Әлеуметтік төлемдер жүйесіне де өзгерістер енгізіліп, әлеуметтік салық пен аударымдардың байланысы жойылды. Нәтижесінде жалпы ставка 6 % деңгейінде бекітілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласы үшін төмендетілген ставкалар қолданылатын болады, – деп атап өтті спикер.