2026 жылы Қазақстанда зейнетақылар мен жәрдемақылар қаншалықты өседі

2026 жылы Қазақстанда зейнетақылар мен жәрдемақылар қаншалықты өседі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылы Қазақстанда зейнетақылар мен жәрдемақылар қаншалықты өсетінін мәліидеді,- деп хабарлайды  abaidan.kz ақпараттық агенттігі  KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, "2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақының барлық түрін, базалық және ынтымақты зейнетақыларды Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10 пайызға арттыру көзделген.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғарғысын 120 пайызға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы), ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110 пайызынан 118 пайызына дейін артып, 60 005 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан 70 жастағы зейнеткердің бюджеттен төленетін зейнетақысының мөлшері 2025 жылы 171 588 теңге болса (оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге), 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткердің зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды (оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге). Аталған сомаларға БЖЗҚ төлемдері кірмейді.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері келесідей ұлғаяды:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін;
  • мөлшері бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы барларға – 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін;
  • I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін артады.

Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер де 10 пайызға артады. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке дара белгіленеді және соңғы екі жылда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдар санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты алмастыруға байланысты болады.


#пенсия, #пособие