856 келі бауырсақ пісірген күн
“ЭРА” Телекомпаниясы” ЖШС (7 арна) ұйымдастыруымен “Ана күні” республикалық күніне орай 856 келі бауырсақ пісіріліп, Гиннесс рекордтар кітабына енді. Осы орайда ел жүрегінен орын алған жобаның тарихы жайлы баяндауды жөн көрдік.
Жобаның тарихы
«Ана күні» жобасы 2014 жылы республикалық «7 арна» телеарнасының 5 жылдық мерейтойына орай жүзеге асырылды. Телеарнаның отбасыға арналған ойын-сауықтық бағытта екенін ескере отырып, мерейтойды ауқымды түрде атап өтуді, Қазақстанның екі ірі қаласы – Алматы мен Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше мереке ұйымдастыру ұсынылған болатын. Жобаның мақсаты – «7 арнаны» бүкіл отбасыға арналған ойын-сауықтық телеарна ретінде нығайту және көрермендерге жағымды эмоциялар сыйлау болды.
“Бір ғана мерекенің ел тарихында қалуы жеткіліксіз екенін түсіне отырып, мен бауырсақ дайындау бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енуді ұсындым. Әлемдік рекордтар тарихын зерттей келе, 2014 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстанда 856 кг көрсеткішімен ұқсас рекорд тіркелмегенін анықтадым. Осылайша, осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру идеясы пайда болды”, - дейді жоба жетекшісі әрі 7 арнаның PR және Digital даму бөлімінің басшысы Әсел Оразбаева.
Гиннестің әлемдік рекорды қазақстандықтар үшін маңызды жетістікке айналды, себебі бір жеңістің өзі ұлтты біріктіретін күшке ие. Бұл рекорд мыңдаған қазақстандық үшін мақтанышқа айналып қана қоймай, қазақтың ұлттық тағамы – бауырсақты әлемге тағы бір мәрте паш етуге мүмкіндік берді.
Рекорд
«Ана күні» мерекесі он жылдан аса уақыт бұрын, 2014 жылы 7 қыркүйекте Қазақстанның екі ірі қаласында – Алматы мен Астанада бір уақытта атап өтілді. Сол күні Алматы қаласындағы Горький саябағында ең көп бауырсақ дайындау бойынша Гиннестің әлемдік рекорды тіркелді. Гиннестің рекордтар кітабының ережелеріне сәйкес, барлық рекорд бір жерде жүргізілуі тиіс. Сондықтан қамыр дайындау, оны жаю, бауырсақты қуыру, салмағын өлшеу және оларды тарату процестері бір жерде өтті.
Айта кету керек, Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері рекордтардың дәлдігіне ерекше назар аударады. Олардың белгілі бір талабы бар және ол орындалмаса рекордты тіркеуден бас тартуы мүмкін.
“Бұл ауқымды шараға қолдау көрсету үшін мен «7 арнада» көрсетілген «Қайын ене мен келін» реалити-шоуының жеті жұбын – нағыз келіндер мен ене жұптарын көмекші ретінде шақырдым. Бұл реалити-шоу дәл сол кезеңде арнада тұңғыш рет көрсетіліп жатқандықтан, оны Гиннестің әлемдік рекордына интеграциялау үшін жоба қатысушыларын тарту маңызды болды. Командалар екі топқа бөлінді: бірі – енелер, екіншісі – келіндер командасы. Барлық жеті команда қамыр илеп, жаюмен айналысып, бауырсақтарды қуырып, Гиннестің рекордтар кітабының Лондоннан арнайы келген өкілі Пателья Правин мен тәуелсіз сарапшылардың бақылауында жұмыс істеді”, - дейді Әсел Оразбаева.
Кулинарлық сайысты қызықтыра түсу үшін шоумен Нұртас Адамбай келіндер командасын қолдаса, танымал тележүргізуші Аша Матай енелер командасына жанкүйер болды.

Бауырсақты дайындау жайлы
Мерекелік бауырсақтарды дайындау үшін 650 келі ұн, 650 литр май, 450 литр су, 15 келі тұз және 15 келі қант қажет болды. Барлығы 856 келі бауырсақ әзірленді (бұл көрсеткіш өткен жылы 670 кг болған). Бұл рекордтық нәтижені Гиннестің рекордтар кітабының ресми өкілі растады.
Шара соңында бауырсақтар мерекеге келген барлық қонақтарға арнайы пакеттерде таратылды.
Халықтың көңіл-күйі
«Ана күні» жобасы аясында Гиннестің әлемдік рекордын орнатудан бөлек: Дилани, Тұрал, Altyngirls триосы, Роза Мұқатаева, Тұрар Рахимберлин және басқа да қазақстандық әртістердің қатысуымен мерекелік концерт өтті. Сонымен қатар, Балаларға арналған Family аймақтары ұйымдастырылып, онда балаларға печенье пісіру бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Одан бөлек, «7 арнада» мерекенің тікелей трансляциясы ұйымдастырылып, Алматы – Астана арасындағы телекөпір жүргізілді;
Арнайы мерекелік логотип пен негізгі бейнелік концепция жасалып, 7 түрлі ингредиенттен дайындалған «Аналар күні» печеньесі таратылды.
Осылайша, «Аналар күні» жобасын толық ұйымдастырылуы және Гиннестің әлемдік рекордын бекіту процесі Әсел Оразбаеваның бақылауымен және тікелей қатысуымен өтті. 2014 жылғы 7 қыркүйекте өткен «Аналар күні» мерекесіне 5 000-нан астам адам қатысты. Қазақстанда ең көп бауырсақ әзірлеу бойынша Гиннестің әлемдік рекордының орнатылуының арқасында 20-дан астам мақала БАҚ-та жарияланды. «7 арнаның» эфирін бүкіл республика бойынша 150 000-нан астам көрермен тамашалады. Әсел Оразбаева жобаның телеарна саласына және қоғамға әсері туралы айтты.
“Мен PR саласының маманы ретінде мына нәрсені сеніммен айта аламын: креативті және сыни ойлау, стандарттан тыс шешімдерді қабылдау әрқашан репутациялық пайда әкеледі. Мұндай коммуникациялық іс-шаралар – компания брендингін дамытудың, оның танымалдылығы мен мақсатты аудитория арасындағы сенімділігін арттырудың қосымша құралдары. Осындай бастамалар арқылы ауқымды ақпараттық себептерді қалыптастыруға және болашақта PR саласындағы жаңа трендтерді жасауға болады. Бұл шынымен де жұмыс істейтін және жақсы нәтиже беретін құралдар”, - дейді Әсел Оразбаева.
Алғашқы жетістік тәуелсіз Қазақстан тарихында мәңгі қалатыны сөзсіз. Арада қанша жыл өтсе де, бұл рекорд туралы БАҚ шолуларында жазылып, қазақстандықтар арасында айтылып келеді. «7 арна» – Гиннестің рекордтар кітабына енген алғашқы қазақстандық телеарна ретінде тарихта өз орнын алды. Сонымен қатар, «Аналар күні» мерекесін қазақстандықтар 7 қыркүйекте атап өтуді дәстүрге айналдырды, бұл күннің дәл осы мерекемен тығыз байланысы бар екенін мойындады.
“Менің ойымша, біз негізгі мақсатымызға қол жеткіздік – қазақстандықтардың жүрегінде жылы әрі жағымды эмоциялар қалдырдық. Осындай тарихи оқиғаның бір бөлігі болғаныма және елімнің аты әлемдік деңгейде аталуына үлес қосқаныма шын жүректен мақтанамын”, - деп сөзін түйіндеді Әсел Оразбаева.