Абай облысында Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгердің сүйегі туған жерінде қайта жерленді
Бүгін Бородулиха ауданының Зубаир ауылында Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен Оразғали Айбұланұлы Белібаевтің сүйегін туған жерінде қайта жерлеу рәсімі өтті.


Оразғали Белібаев 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, 1943 жылы Старая Русса маңындағы шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапқан. Ұзақ жылдар бойы хабар-ошарсыз кеткендер санатында болды. 2024 жылдың қазан айында ресейлік «Медведь» іздестіру тобы жауынгердің сүйегін тапқан еді. Жауынгер туралы ақпарат Қазақстанға «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі Александр Шитов арқылы жеткізілді.

Арман Мұқанов жетекшілік ететін облыстық «Ерлік-Данқ» іздестіру жасағының құрамында жауынгердің туыстарын анықтау бойынша мұқият жұмыс басталды. Бұл іске еріктілер, мектеп оқушылары, архив қызметкерлері мен өлкетанушылар белсенді атсалысты. 28 сәуір күні Астана қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-патриоттық музейінде жауынгердің сүйегін туыстарына тапсыру рәсімі өтті. Ал 3 мамыр күні Оразғали Белібаев туған жерінде қайта жерленді.

Зубаир ауылындағы жерлеу рәсімі әскери құрмет көрсетіле отырып өткізілді. Салтанатты шараға Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев, Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев, Ресей Федерациясының Өскемен қаласындағы Бас консулы Алан Хетагуров, жауынгердің туыстары, сондай-ақ облыс тұрғындары мен қонақтары қатысты.

«Бүгін біз өзіміздің қаһарман батыр бабамызды жер қойнына тапсырып отырмыз. Араға 80 жылдан астам уақыт өтсе де, соғыста хабар-ошарсыз кеткендерді еске алу — біздің азаматтық борышымыз. Олардың есімдері халық жадында мәңгі сақталады», — деп атап өтті Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев.
Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Алан Хетагуров қаза тапқан жауынгерлердің рухын мәңгі есте қалдыру жолындағы үлкен еңбегі үшін қос елдің мемлекеттік құрылымдарына және іздестіруші топтарға үлкен ризашылығын білдірді.
«Бұл оқиға тарихқа құрметпен қарайтын жандардың арқасында мүмкін болып отыр. Туған-туыстарының қандай сезімде екенін жақсы түсінемін. Әрбір қаһарман өз үйіне оралуы тиіс», — деді Алан Хетагуров.
Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Руслан Омаров жауынгердің сүйегін тапқан және елге жеткізген жандарға алғыс білдірді:
«Оразғали Белібаев сияқты жауынгерлердің ерлігінің арқасында бүгінде біз бейбіт өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп, жарқын болашаққа ұмтылып келеміз», — деді ол.
«Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігіне, ресейлік іздестірушілерге, Абай облысы ішкі саясат басқармасына үлкен алғыс. Ортақ күш-жігердің арқасында қаһарман үйіне оралды», — деп ризашылығын білдірді «Ерлік-Данқ» іздестіру отрядының жетекшісі Арман Мұқанов.
Бүгінгі салтанатты рәсім — тек қайта жерлеу әрекеті ғана емес, сондай-ақ патриотизм, алғыс және тарихи шындықтың сабақтастығының көрінісі.
Абай облысында Ұлы Отан соғысының үш ардагері тұрады. Олардың қатарында «Халық қаһарманы» атағына ие Әбдіғали Қаймолдин, Иван Шевцов және Григорий Маларов бар. Жеңіс мерекесінің 80 жылдығы қарсаңында олар тек Қазақстан үшін ғана емес, барша адамзат үшін тарихи маңызы бар осы ерекше датаны атап өтуге дайындалуда.
#Абайская область, #Бородулихинский район