Абай гарнизонының әскери қызметшілері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға аттанды
Еліміздің Қарулы күштерінің әскери қызметшілері су тасқынына қарсы іс-шараларға көмек көрсетуді жалғастыруда. Абай гарнизоны әскери бөлімдерінің 200-ге жуық әскери қызметшісі Батыс Қазақстан облысы Орал қаласына арнайы бортпен аттанды,-деп хабарлайды Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, abaidan.kz
Су тасқынына қарсы көмек көрсетуге аттанған әскери қызметшілерге «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов нұсқаулық жүргізіп, аталған шараның маңыздылығына тоқталды.
- Өздеріңіз білетіндей еліміздің батыс аймақтарында су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарулы күштердің әскери қызметшілері де тәулік бойы жұмыстар атқаруда. Тасқынның алдын алу мен салдарын жою шараларына абыроймен қатысып қайтуларыңызға тілектеспін, - деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов.
Айта кетейік, бұған дейін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Үшарал гарнизонының 40398 әскери бөлімінен 300-ден астам әскери қызметші мен 15 бірлік техника Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынына қарсы жұмыстарға көмек көрсетуге әскери эшелонмен аттанған болатын.
#Абайская область, #военный, #Абайский региональный гарнизон, #паводки