Абай облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті
Абай облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысына кеңес төрағасының орынбасары Қайрат Мирашев төрағалық етті. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес екі мәселе қаралды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Алғашқы мәселе бойынша Жарма ауданының әкімі Нұрлан Борсықбаев 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған негізгі міндеттер туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Абай облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақыт Бекбосынов өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Жиын барысында Қоғамдық кеңес мүшелері Жарма ауданының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, ауыз су мәселесі, су қоймалары, әлеуметтік сала, туризм, көші-қон, демография, білім және спорт бағыттарындағы ахуалға қатысты сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар апта басында облыс әкімінің қатысуымен өткен кеңейтілген аппараттық отырыста Жарма ауданындағы кейбір салаларда даму қарқынының жеткіліксіз екендігі сынға алынғаны айтылып, бұл мәселелерді нақтылау сұралды. Аудан әкімі өз кезегінде нақты көлем индексінің төмендеу себептерін түсіндіріп, алдағы кезеңге жоспарланған инвестициялық және бюджеттік жобалар туралы мәлімет берді.

Қоғамдық кеңес мүшесі Айрат Базенов, Қалбатау ауылының логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныс жасады. Атап айтқанда, транзиттік жүктерді уақытша жинақтау, кедендік рәсімдерді оңтайландыру және өңір арқылы өтетін жүк ағындарын тиімді басқару мақсатында уақытша сақтау қоймаларын (Temporary Storage Warehouse) ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Айтуынша,аталған бастамалар жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріледі. Сонымен қатар аудан бюджетінің кіріс көздері кеңейіп, Қалбатау ауылы өңірлік маңызы бар логистикалық түйінге айналу әлеуетіне ие болмақ.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы өңірде олимпиадалық спорт түрлерін дамыту, сондай-ақ халық арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қоғамдық кеңес мүшелері қысқы және жазғы спорт түрлерін дамытуға баса мән беру қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, мұз айдындары мен хоккей корттарын талапқа сай жабдықтау, спорт психологтарын даярлау, жекпе-жек спорт түрлеріне бақылауды күшейту, жеңіл атлетикаға арналған арнайы манеж салу, сондай-ақ ат спортын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, алдағы жұмыс бағыттары белгіленді.
#Семей, #Абайская область, #маслихат, #общественный совет