Абай облыстық мәслихатының кезектен тыс 29-ыншы сессиясы өтті
Бүгін Абай облысы мәслихатының кезектен тыс 29-ыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Берік Уәли, мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, депутаттар, мемлекеттік органдар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Отырыс барысында 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу және облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия құрамына түзету енгізу мәселелері қаралды. Жиында баяндамалар тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды. Сессияны қорытындылаған облыс әкімі бюджетке өзгерістер енгізу кезінде бірінші кезекте өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге басымдық берілгенін атап өтті.


«Ауыз су мәселесі өте өзекті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл 28 500 адамды толықтай ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет. Су желілерінің тозу деңгейін азайту үшін жыл сайын, кезең-кезеңімен қаржы бөлеміз. Осы жолы 28 жобаға қаражат бағытталды. Өздеріңіз білесіздер, осы аптадағы Үкімет отырысында ауыз су мәселесі қаралды. Семей, Курчатов қалалары және Аягөз, Жарма аудандарының жылу қазандықтары мен жылу желілеріне, әлеуметтік нысандардың қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта жұмыс басталып та кетті. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйге қолжетімділікті қолдау шаралары да жүргізіліп жатыр. Бүгінде осы санатта 7 мыңнан астам адам кезекте тұр. Биыл оларды тұрғын үймен 1000 пәтерге дейін қамтамасыз етуді қарастырып отырмыз. Әрине, өңірде шешімін күткен мәселелер баршылық. Өзекті проблемаларды өздеріңізбен бірлесе отырып шешуге күш жұмсауымыз керек» деді аймақ басшысы.
#Абайская область, #депутат, #маслихат