Абай облысы Бородулиха ауданының тұрғындары көлдің жағасын тазартты
Бородулиха ауылында Үлкен көлдің жағалауын тазарту бойынша ауқымды экологиялық акция өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен сенбілікке қатысушылар 100-ден астам қап қоқыс жинады.
Сенбілікке аудандық мәслихат депутаттары, түрлі ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ «Жасыл Ел» еңбек жасағының сарбаздары белсенді қатысты. Олар бірлесе бір жарым гектар жағажай аумағын қоқыстан тазарта алды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүкіл ел бойынша өтуде. Оның басты мақсаты - қоршаған ортаны қорғау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
- Мұндай акцияларды өткізу өте маңызды. Тазалық әрқайсымыздан басталады. Алдағы уақытта демалушылар табиғатқа аса ұқыпты қарап, көл жағасында қоқыс қалдырмайды деп үміттенемін, - дейді Бородулиха ауылының тұрғыны Мейрамгүл Атаева.
#Абайская область, #Бородулихинский район, #Акция" Таза Қазақстан"