Абай облысы бойынша мемлекеттік қызмет жүйесінде атқарылған жұмыстар
Елімізде мемлекеттік қызмет жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі әсер етеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызметтегі бақылау салаларында маңызды функцияларды атқарады. Агенттіктің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы Департамент қызметкерлерімен бірқатар жұмыстар жүргізілді, -дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Дәулетқалиев abaidan.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында.

Мемлекеттік қызмет бағыты бойынша:
Мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны 3810 бірлікті құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 3,8%-ға (+299) артты. Бұл көрсеткіш жергілікті атқарушы органдарда және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде айтарлықтай өсімді көрсетті. Бос лауазымдар саны 10,2%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, департаментпен 2783 бос лауазымға конкурс жарияланып, оның 40%-ы бос лауазымдарға орналасты. Қызметкерлерді оқыту мақсатында 859 мемлекеттік қызметкер біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан өтті, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шаралары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында іске асырылды. Бұл шаралар мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мен азаматтарға қызмет көрсету деңгейін жақсартуға бағытталды. Әсіресе, мемлекеттік қызмет саласындағы қызметкерлердің санының ұлғаюы мен олардың біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар үлкен мәнге ие болды. Абай атамыздың айтқан «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» , - қасиеттер бүгінгі күні елге қызмет ету жолындағы мемлекеттік қызметшілердің бойынан көрінетін басты сипаты болуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтау бойынша:
Департамент мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын қатаң бақылап, 64 тексеру жүргізді. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, олардың барлығы жойылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз берілген сыйақылар бюджетке қайтарылды. Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстары арқылы мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп нормаларын сақтаудың маңыздылығы үнемі насихатталып отырды.
Мемлекеттік қызмет көрсету мен бюрократияны азайту бойынша:
2024 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау мен бюрократияны азайтуға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. 55 тексеру жүргізіліп, бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтер көрсетудің мерзімі мен тәртібі бұзылғаны үшін лауазымды тұлғаларға айыппұл салынды. Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар да қолға алынып, 23 жаңа ұсыныс енгізілді,-дейді департамент басшысы
Ағымдағы жылы департамент бірнеше маңызды реформаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ол, Абай облысы аумағында Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу жүргізеді, сонымен қатар Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметке іріктеудің тәртібі толықтай жаңа форматка көшетін болады. Сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік органдардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдарында2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін кезең кезеңімен«Бірыңғай кадр жүйесі» енгізіледі, бұл жүйе мүдделер қақтығысын анықтап, қызметкерлер арасындағы туыстықты көрсетеді. Бұл өз кезегінде персоналды таңдау процесін автоматтандырып қана қоймай, меритократия қағидатын және азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасудағы бірдей мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.
Қорытындылай келе, 2024 жыл департамент үшін нәтижелі жыл болды. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру және бюрократияны азайтуға бағытталған жұмыстар жалғасатын болады. Әрине, алдағы уақытта да өзара тиімді және сапалы қызмет көрсету үшін барлық тараптардың бірлескен жұмысы өте маңызды болмақ, деп сөзін түйіндеді Нұрлан Дәулетқалиев.
#Абайская область, #Гомударственный служащий