Абай облысы «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына қосылды
Абай облысында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды шара өтті. Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Абай облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын өңірде іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Оған Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев, зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Меморандум аясында өңірде «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Негізгі мақсат – кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, тұрғындардың кітапқа қызығушылығын арттыру, жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамыту және кітапханалардың қоғамдық-мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейту.
Облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов Семей өңірінің ағартушылық дәстүріне тоқталып, бұл жобаның өскелең ұрпақты кітап оқуға баулуда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Семей өңірі – тұңғыштар мекені. Бұл жоба арқылы жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтереміз. Өңір басшылығының қолдауымен ағартушылық бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді ол.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы «Оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі болып саналады. Оның басты мақсаты – Қазақстанда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, елдің әлемдегі ең көп кітап оқитын мемлекеттердің қатарына қосылуына үлес қосу.

Қоғамдық қордың атқарушы директоры Аян Сакошев Абай облысының жобаға қосылуы бастаманың республикалық ауқымын кеңейтіп, өңірдің кітап оқу мәдениетін дамытуға деген қызығушылығын көрсететінін айтты.
– Біздің мақсатымыз – кітап оқуды әр өңірдің білім беру және қоғамдық өмірінің маңызды бөлігіне айналдыру. Осы бағытта технологиялық серіктесіміз Yandex Qazaqstan компаниясымен және «Яндекс Кітаптар» сервисімен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Ортақ міндетіміз – мемлекеттік тілдегі кітаптардың цифрлық қорын көбейтіп, сапалы әдебиетті еліміздің әрбір тұрғынына қолжетімді ету, – деді Аян Сакошев.
Алты айға созылатын республикалық кітап оқу марафоны барысында қатысушылар арнайы бекітілген 15 кітапты оқып, тестілеу мен интеллектуалдық квиздерге қатысады. Кітаптар тізіміне отбасылық құндылықтар, тәрбие, көшбасшылық, жауапкершілік және ұлттық рухани мұра тақырыптарындағы шығармалар енгізілген.
Алдағы уақытта өңірлік жоба кеңсесі құрылып, білім беру және мәдениет ұйымдарында үйлестірушілер тағайындалады. Сонымен қатар қатысушыларды тіркеуге және оқылған кітаптарды есепке алуға арналған цифрлық платформа іске қосылады. Жобаға ауылдық және шалғай елді мекен тұрғындарын кеңінен тартуға ерекше көңіл бөлінеді.
Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын спортшы» бағыттары бойынша республикалық марафон ұйымдастырылады.
«Кітап оқитын ұлт» бастамасы мемлекеттік органдарды, білім беру ұйымдарын, технологиялық серіктестерді және азаматтарды ортақ мақсатқа – кітап оқуды қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, зерделі ұлт қалыптастыруға жұмылдыруды көздейді.