Абай облысында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны сақталуда

Абай облысында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны сақталуда

Абай облысында 2026 жылдың алғашқы тоқсаны қорытындыланып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте негізгі салалардағы өсім, экологиялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы және су заңнамасының сақталуы мәселелері қаралды.

Жиынға облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысып, аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, табиғи ресурстар басқармасының басшысы Марат Теміржанов және Ертіс бассейндік су инспекциясының жетекшісі Медет Жәдігер баяндама жасады.

2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында өңір экономикасында оң динамика сақталған. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,1%-ды құрап, республикалық деңгейден жоғары болды. Өнеркәсіп өндірісі 103,2%-ға, ауыл шаруашылығы 103,5%-ға өсті. Инвестиция көлемі 121,8%-ға артып, тұрғын үй құрылысы 141,3%-ға жетті. Осылайша, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша облыс республикада бірінші орынға шықты.

Облыстық бюджетке түскен салық көлемі 207,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалды. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 83,9 млрд теңгеге жетті. Қазіргі таңда өңірде жалпы құны 4,3 трлн теңгеден асатын 107 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар аясында 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. 

Ауыл шаруашылығы саласында да оң нәтижелер тіркелді. Жалпы өнім көлемі артып, мал басы көбейген. Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқын алып, заманауи әдістер қолданылатын алқаптар көлемі ұлғайып келеді.

Салықтық базаны кеңейту бағытында да нақты нәтижелер бар. Жыл басынан бері 63 салық төлеуші басқа өңірлерден қайта тіркеліп, бюджетке қосымша 422,3 млн теңге түсті. Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе Семей мен Курчатов қалаларында және бірқатар аудандарда тиімді жүргізілуде.

Кеңесте қала және аудан әкімдерінің қызметіне жүргізілген рейтинг қорытындылары да жарияланды. 83 көрсеткіш негізінде жасалған бағалау нәтижесінде Абай, Бесқарағай және Жаңасемей аудандары үздік үштікке енді. Ал Курчатов қаласы, Бородулиха және Көкпекті аудандары төмен нәтиже көрсетті.

Жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен су заңнамасының сақталуы ерекше назарға алынды. Облыста су қорғау аймақтарын белгілеу, су нысандарын тазалау, жағалауларды нығайту және су тасқынының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар заңсыз су пайдалану мен рұқсатсыз құрылыс фактілерін анықтау бағытындағы бақылау күшейтілген. Облыс әкімі жауапты органдарға су қорғау аймақтарын толық айқындау, арнайы белгілер орнату, су нысандарын санациялау жұмыстарын жандандыру және суармалы жерлер бойынша нақты деректер ұсыну міндетін жүктеді.

Кеңес қорытындысында Берік Уәли өңірдің тұрақты дамуы әр саладағы нақты көрсеткіштердің орындалуына тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол барлық деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшыларына жауапкершілікті күшейтіп, жоспарланған міндеттердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Аймақтағы әлеуметтік-экономикалық өсімді сақтап қалу және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.


#Абайская область, #экономика