Абай облысында әлеуметтік осал топтарға қолдау күшейді: жүздеген тұрғын өз кәсібін бастады
Абай облысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау күшейіп, биылдың өзінде 204 адам өз ісін ашуға мүмкіндік алды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Олардың қатарында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, асыраушысынан айырылғандар және оңтүстік өңірлерден қоныс аударған тұрғындар бар. Сонымен бірге “субсидияланған жұмыс орны” бағдарламасы бойынша еңбекке орналасқандардың саны артып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендегенін мамандар айтып отыр.

Аягөз ауданында тағам өнімдерін өндіретін шағын цех ашқан Мақсат Оспанов – мемлекеттік гранттың игілігін көргендердің бірі. Екі жыл бұрын басталған кәсібі бүгінде қарқынды дамып, тұтынушылар саны артқан. Цехта ет пен құс етін қақтап, түрлі шұжық өнімдерін дайындайды, жартылай фабрикаттардың 20-ға жуық түрін шығарады. Мақсаттың айтуынша, мемлекеттік қолдау кәсіптің алға басуына үлкен әсер еткен:
Оншақты жұмысшым бар. Соның бесеуінің жалақысын, зейнетақы жарнасын мемлекет төлеп отыр. Бұл – өте үлкен көмек, – дейді кәсіпкер.

Жетісу облысынан Аягөзге қоныс аударған Роллан Көпбаев та мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, бөдене шаруашылығын дамытуды қолға алған. Қайтарымсыз 1,5 миллион теңгелік гранттың арқасында ол бүгінде табысты кәсіп иесіне айналып отыр. Қазіргі таңда шаруашылықта 200-ге жуық бөдене бар. Жуырда Семей қаласындағы мейрамханалардан 600 басқа тапсырыс алып, өнім жөнелткен. Инкубаторда балапан өсіріп, жұмыртқасын Аягөз қаласы бойынша саудалайды.

Ешқандай кредиттің қажеті жоқ. Жақсы бизнес-жоспар жасап, бағдарламаға қатысса, әркімнің қолынан келеді, – дейді ол.
Еліміз бойынша 2025 жылы әлеуметтік осал топтарға 14 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 9 мыңға жуық азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Абай облысында да бұл қолдау қарқынды жүзеге асып келеді. Еңбек мобильдігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсынның айтуынша, өңірге биыл 320 миллион теңге қарастырылып, екі кезең бойынша 201 грант иесіне табысталған. Гранттар мал шаруашылығы, құс өсіру, қоғамдық тамақтандыру, фастфуд желілері, тігін өндірісі секілді түрлі салаларға берілген. Абай облысында биыл өңірлік карта аясында 22 885 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Субсидияланған жұмыс орындарына жолданған үш мыңнан астам тұрғын тұрақты табысқа ие болды. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді іске асуы ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, әлеуметтік осал топтардың экономикалық белсенділігін арттыруда.
#Абайская область, #Трудоустройство, #Аягоз