Абай облысында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында 100-ге жуық отырыс өтті
Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2025 жылы ішкі сауданы дамыту, бағаны реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысы Серікхан Нұртазин мәлімдеді.
Жыл басынан бері департаментке 1160 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Қаралған шағымдардың нәтижесінде тұтынушылар талап еткен қаражаттың 78 пайызы иелеріне қайтарылған.
Департамент басшысының айтуынша, өтініштердің негізгі бөлігі жеке сауда, тұрмыстық қызмет көрсету және электронды сауда салаларына қатысты. Көбіне сапасыз тауар сату, тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, сондай-ақ қызмет көрсету талаптарының сақталмауы деректері анықталған. Тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында департамент сот процестеріне үшінші тарап ретінде тұрақты қатысып келеді.
Ішкі сауда саласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін өңірлік комиссия тұрақты жұмыс істейді. Жыл басынан бері 98 отырыс өткізіліп, баға қалыптастыру тізбегіндегі делдалдық тетіктер жан-жақты талданған. Сонымен қатар мониторингтік топтар сауда орындарындағы баға деңгейін тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Бұдан бөлек, «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы аясында ішкі нарықта сатылатын азық-түлік өнімдеріне зертханалық тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде техникалық регламент талаптары бұзылғаны анықталып, тиісті органдар тиісті шара қабылдады.
#Абайская область, #потребитель