Абай облысында биыл 320 шақырым жол жөнделеді

Абай облысында биыл 320 шақырым жол жөнделеді

Биыл облысымыздағы елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеу көзделген. Шамамен 320 шақырым жол қалпына келтіріледі,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Облыстық маңызы бар негізгі жол жөндеу жұмыстары Аягөз-Қарауыл-Қайнар (35 шақырым), Шар-Әуезов (20 шақырым), Воскресеновка-Петропавловка-Шелехово-Дмитриевка (15 шақырым), Көкпекті-Самар (5 шақырым) бағыттарында жалпы ұзындығы 75 шақырым (7 жоба) жол жөнделеді.

Аудандық маңызы бар жолдар мен көшелерде мынадай жобалар іске асырылмақ: 

Семей қаласында 2 жоба (36 шақырым), Абай ауданында 6 жоба (19,3 шақырым), Аягөз ауданында 4 жоба (13,4 шақырым), Ақсуат ауданында 5 жоба (35,8 шақырым), Бесқарағай ауданында 4 жоба (6,6 шақырым), Бородулиха ауданында 5 жоба (21 шақырым), Жарма ауданында 5 жоба (25,9 шақырым), Көкпекті ауданында 4 жоба (42,2 шақырым), Мақаншы ауданында 2 жоба (10,3 км) және Үржар ауданында 4 жоба (33 шақырым).

Облыс жолдарын күтіп ұстауға 2,6 млрд теңге бөлінді. Осы сомаға шұңқырларды жөндеу, жол жиектерін нығайту, қиыршық тас жолдарды тегістеу, жол белгілерін, аялдама павильондарын ауыстыру және жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

«Жол – өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарындағы ағымдағы жөндеуді және жыл соңына дейін елді мекендердің көшелерін орташа жөндеуді аяқтауды тапсырамын», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар аймақ басшысы ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін 2025 жылға арналған жол жөндеу жұмыстары жоспарын ұсынуды, қалалар мен аудандардың бюджеттерінен аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелерді жөндеуге және күтіп-ұстауға қаржыландыруды ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды міндеттеді.


#Абайская область, #дорога