Абай облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуы және Департаменттің 2026 жылғы І жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мейр Мадиев баяндады.

Спикердің айтуынша, бүгінде департамент өңірдегі 39 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Оның ішінде сумен жабдықтау, су бұру, электрмен және жылумен жабдықтау, сондай-ақ кірме жолдар саласындағы кәсіпорындар бар. Сонымен қатар бірқатар субъектілерде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Брифинг барысында табиғи монополиялар туралы заңнаманың сақталуына жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижелері де таныстырылды. Биылғы ІІ тоқсанда 3 табиғи монополия субъектісіне қатысты 4 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 10,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынғаны айтылды.
- Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Сондықтан бұл жұмыстардың нәтижесі ең алдымен халықтың күнделікті өмірінде көрініс табуы тиіс, – деді Мейр Мадиев.
Сондай-ақ ұлттық жоба аясында 2026–2027 жылдары өңірде жылу, су және электр желілерін жаңғырту бойынша ірі жобалар іске асырылатыны айтылды. Бұл жобалар коммуналдық инфрақұрылымның тозуын азайтып, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, департамент ай сайын қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың коммуналдық қызметтерге қатысты сауалдарына жауап беріп келеді.
#Абайская область, #общество, #инфраструктура