Абай облысында құқықтық көмек алу жеңілдеп келеді
Абай облысында құқықтық реформалар аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсету сапасын арттыруға және оны алу мүмкіндігін кеңейтуге басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Нұржан Кәдөш айтты.

Оның айтуынша, құқықтық реформалардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру.
– Бүгін нотариат қызметі кезең-кезеңімен цифрландырылып келеді. Электрондық нотариаттың мүмкіндіктері кеңейіп, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен байланысы нығайып жатыр. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдіріліп, нотариустардың кәсіби жауапкершілігін арттыруға басымдық беріліп отыр, – деді Нұржан Кәдөш.

Брифингте адвокаттардың қызметін жетілдіру мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, білікті заң көмегін алу мүмкіндігін кеңейту, мемлекет кепілдік берген заң көмегін жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және құқықтық ағарту жұмыстарын күшейту жөнінде айтылды.
Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру бағытындағы өзгерістер таныстырылды. Спикердің айтуынша, атқарушылық іс жүргізудің ашықтығын арттыру, цифрлық бақылау жүйесін енгізу, өндіріп алушы мен борышкердің құқықтарының теңгерімін сақтау және жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін күшейту бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр.
Нұржан Кәдөш облыста құқықтық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілетінін айтты.
– Заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру мақсатында жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне дәрістер оқылып, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп келеді. Сонымен қатар нотариустарға, адвокаттарға, жеке сот орындаушылары мен заң консультанттарына арналған оқыту семинарлары тұрақты ұйымдастырылады, – деді ол.
Сонымен қатар Әділет министрлігінің бастамасымен 2024 жылы іске қосылған «Құқық кабинеті» жобасы өңірде жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта Абай облысының 113 ауылдық округінде құқық кабинеттері бар. Сол арқылы тұрғындар «Әділет» құқықтық ақпараттық жүйесін, «Заң» деректер базасын, eGov порталын, e-Otinish, «Ашық НҚА», ZanKomegi және AdiletGov сияқты мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалана алады.