Абай облысында мемлекеттік қолдау аясында 1086 жалдамалы пәтер бөлінді
Абай облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар деректерін міндетті түрде түгендеуден өткізуі қажет. Түгендеуден өтпеген азаматтар кезектен шығарылмайды, алайда тұрғын үй бөлуге және мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ Абай облыстық филиалының директоры Равиль Сабитов мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою, кезекті жүргізу және тұрғын үйді бөлу жұмыстары Orken цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылуда. Түгендеу азаматтардың жеке деректерін, отбасы құрамын, есепке алу санатын және тұрғын үйінің бар-жоғын нақтылауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Абай облысында тұрғын үйге мұқтаж ретінде 33 910 азамат тіркелген. Оның ішінде 10 998 адам түгендеуден өтуі тиіс болса, бүгінгі күнге дейін 7 617 азамат бұл рәсімнен өтпеген.
Түгендеуден өтпегендердің үлесі Бородулиха ауданында жоғары. Сонымен қатар Көкпекті, Бесқарағай, Мақаншы, Аягөз, Жарма және Үржар аудандарында да көрсеткіш жоғары деңгейде қалып отыр.
Равиль Сабитовтың айтуынша, түгендеуден өтпеу азаматты кезектен шығаруға негіз болмайды. Дегенмен рәсім аяқталғанға дейін тұрғын үй бөлуге қатысу және мемлекеттік бағдарламаларға өтінім беру мүмкіндігі шектеледі. Бұл талап жалдамалы тұрғын үйге де, «2-10-20», «5-10-20» және басқа да несиелік тұрғын үй бағдарламаларына қатысты.
Сондай-ақ биыл шілде-тамыз айларында Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында несиелік тұрғын үй бағдарламалары аясында 13 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Бүгінде облыста мемлекеттік қолдау шаралары аясында 1086 жалдамалы пәтер бөлінген. Оның ішінде 535 пәтер бойынша бөлу жұмыстары аяқталып, құжаттар жергілікті атқарушы органдарға жолданған. Ал қалған 551 пәтер бойынша азаматтардың келісімі күтілуде. Тиісті үміткерлерге СМС-хабарламалар жіберілген.
Түгендеуден өту үшін азаматтар Orken порталына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, өзі мен отбасы мүшелері туралы мәліметтерді тексеріп, қажет болған жағдайда жаңартуы тиіс. Өтініш электрондық қолтаңба арқылы расталады.
Түгендеу рәсімін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үйден шықпай-ақ, ноутбук немесе компьютер арқылы өз бетінше өте алады. Мұндай мүмкіндік болған жағдайда банк бөлімшелеріне немесе басқа да мекемелерге барудың қажеті жоқ. Түгендеуден өту бойынша толық нұсқаулық «Отбасы банк» АҚ Абай облыстық филиалының Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланған.
«Отбасы банк» өкілдері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды рәсімді кейінге қалдырмай, түгендеуден уақытылы өтуге шақырады.