Абай облысында Наурыз мейрамы Наурызнама тұжырымдамасы аясында кең көлемде атап өтілді
Абай облысында биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы ерекше мазмұнда, кең ауқымда атап өтілуде. Мерекелік іс-шаралар дәстүрлі бір күнмен шектелмей, Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында онкүндік форматта ұйымдастырылып отыр.



Бұл жаңашыл бастама ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қоғамда мәдени, рухани және қайырымдылық бағыттардың дамуына тың серпін берді. Негізгі мерекелік шаралар облыс орталығы – Семей қаласында өтті. Қаланың орталық алаңында өткен театрландырылған қойылым Наурыз думанының шымылдығын ашып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Жиын барысында облыс әкімі Берік Уәли тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, мерекенің мән-маңызына тоқталды.

«Баршаңызды жер жарылып көк шыққан, көк жарылып күн шыққан Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Әз Наурыз – тазару мен жаңару уақыты. Бұл – ең алдымен ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы. Расында да, Ұлыстың ұлы күні – ежелден халқымыз үшін жаңа жылдың, жаңарудың, жаңғырудың белгісі. Бұл күні өкпе-назды ұмытып, араздасқанды табыстырып, қайырымдылық жасап, үлкендерден бата алып, елдің тұтастығын нығайта түскен», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, Наурызнама онкүндігінің басты мақсаты – мерекені бір күндік думан емес, тұтас ұлттық жаңғыру кезеңіне айналдыру. Әр күннің өзіндік мазмұны бар: дәстүрді дәріптеу, ұлттық өнерді ұлықтау, тарихи сананы жаңғырту, жастар тәрбиесі, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қайырымдылық шараларын ұйымдастыру.

Берік Уәли өз сөзінде өңірдегі жаңа мәдени бастама – «Семейдің мәдени маусымдары» жобасын да таныстырды. Бұл жоба аясында жыл бойы «Семей көктемі», «Семей жазы», «Семей күзі», «Семей қысы» атты мәдени кезеңдер ұйымдастырылып, халыққа үздіксіз рухани-мәдени бағдарламалар ұсынылмақ. Бұл идея Абай Құнанбайұлы жырлаған төрт мезгіл тақырыбымен сабақтасып жатыр.
«Өңірімізде жаңа бастама қазіргі таңда қолға алынып отыр. Бұл – Семейдің мәдени маусымдары. Енді өңіріміздегі мәдени шаралар жылдың 4 мезгіліне сәйкес, Семей жазы,Семей көктемі, Семей күзі, Семей қысы атты мәдени маусымдар арқылы жыл бойы халқымыздың өнері мен мәдениеті жаңа маусымда насихатталатын болады. Баршаңызға белгілі Абай атамыздың өзі де 4 маусымды жырға қосып 4 маусымды бейнелеген классикалық өлеңдер жазған. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның:«Оның жылдың 4 мезгіліне арналған ғажайып өлеңдері европаның атақты ақындарының да құрметіне әбден лайық»,-деп аса жоғары пікірді айтқаны естеріңізде болар. Семейдің мәдени маусымдары Хакім атамыздың осы жырларынан тамыр тартып отырғанын атап өткеніміз жөн,-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ өңір тұрғындарының саяси белсенділігін атап өтіп, референдум нәтижесінде халықтың ел болашағына сенім білдіргенін жеткізе отырып, алдағы кезеңде Семей қаласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
«Биыл ел тарихындағы беделді бетбұрыс, келелі кезеңнің бастауын жұрт болып қарсы алдық. Республикалық референдумда Абай облысының халқы саяси науқанға белсене қатысып, елдің жарқын болашағына деген өздерінің таңдауларын жасады. Бұл ретте референдум өңірімізде заң талаптарына сай, ашық және әділ өткенін айрықша атап өтуіміз керек. Облыста дауыс беру құқығына ие тұрғындардың барлығы жаңа Конституцияны қабылдауды қолдап, дауыс беріп, Мемлекет басшысының саясатын қолдайтындықтарын көрсетті. Жаңа дәуірдің міндеті мен атқаратын жұмыс көп. Мұның барлығын өздеріңізбен жұрт болып жұмылып, жүзеге асырамыз. Тұңғыштар мекені Семейдің дамуы – облыс дамуының көрсеткіші екені белгілі. Сондықтан да Семей біздің назарымыздан ешқашан тыс қалмақ емес. 2027 жылға дейін қала бойынша жалпы 1құны 39 млрд теңгені қамтитын 32 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Сонымен қатар биыл құны 15 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған»-деді облыс әкімі.

Сондай ақ Абай облысының ұлттық құндылықтарды көзінің қарашығындай қастерллеп, ата дәстүр мен заман дамуын ұштастырып келе жатқан жақсылыққа құштар, жаңалыққа ашық аймақ екеіне тоқталып, Ұлы Абайдың мекені, Абайдың ізгі жолын жалғастырған Алаш арыстарының орталығы болған қасиетті жер,-деп атап өтті.
«Міне бүгін «Тұңғыштар мекені» деп Абай кітапханасының биігіне түнде іліп қойдық. Ал Абайдың «Білімдіден шыққан сөз»,-деген сөзін Абай көшесіне қаратып ілдік. Сондай-ақ «Туған қалам – Семейім» деген жазуды да жаңалап, барлығын бір дизайнмен біркелкі етіп жаңалып қойдық»,-деді Берік Уәлиұлы.
Сондай-ақ «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі Семей қаласында әлеуметтік-мәдени нысандар салуға үлес қосуда. Бұл бастама ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы рухына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі ретінде бағалануда.
«Биыл өңіріміз үлкен құрылыс алаңына айналады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Абайға құрмет» акциясының басталғанын жақсы білесіздер. Үкіметтің арнайы қаулысының шыққанын өткенде айттым. Өткен жылы облыстармен, ұлттық компаниялармен беделді ұйымдармен қажетті құрылыстарды келісу, жобалық-сметалық құжаттарын дайындау,Үкімет қаулысын әзірлеу жұмыстарымен айналыстық.Енді толықтай құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Бұл өңіріміз үшін үлкен қолдау, тұтас қазақ жұртының, айбынды мемлекетіміздің Хәкім Абай рухына, оның туған өңірініе деген ізгі ілтипаты деп білеміз»,-деді аймақ басшысы.
Бүгінде облыс әкімдігі акция аясындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша өңірлермен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
«Маңғыстау облысының сыйлығы Достық үйі. Облыс әкімі арнайы келіп, бастап кеткен болатын. Одан кейін Қызылорда, Атырау облыстарының әкімдері арнайы келіп Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтындықтарын білдірді. Ақтөбе облысы, Шымкент қаласы әкімдерінің орынбасарлары да келіп кетті. Солтүстік Қазақстан облысының сыйы «Рәміздер алаңының» құрылысы жуырда басталды. Түркістан облысы «Көрме» орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Ақтөбе обллысы «Жекпе-жек» сарайын, Павлодар облысы «Үстел теннисі» орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне «Қала қақпасын» салып бермекші. Батыс Қазақстан облысы желілік үлкен саябақ, Қостанай облысы «Руханият» орталығын, Алматы қаласы «Медиа орталық» салмақшы. Алматы облысы «Алтын адам»мүсінін сыйға тартты. Астана қаласы «Келешек» мектебінің бірін салып береміз десе, ШҚО Ертіс өзенінің бір жағын абаттандыруды қолға алмақ. Ал Жамбыл облысы 1 млрд теңгеге жобасын әзірлеп жатыр. Бұл да жақын күндері басталады деп отырмыз. Сонымен қатар Қазақстан темір жолы, ҚазМұнайГаз, ҚазАтом сынды өнеркәсіп, Ұлттық компанияларымен «Қазақстан халқына қоры» да бір-бір ғимараттан салып беруге ниет білдіруде»-деді Берік Уәлиұлы.
Аймақ басшысы өз сөзінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, алдағы жылдары Семей қаласында ондаған инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа мектептер, тұрғын үйлер, қоғамдық нысандар салынады. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Мерекелік іс-шаралар барысында орталық алаңға тігілген киіз үйлерге қазақтың біртуар тұлғаларының есімдері берілді. Олардың қатарында Абай, Шәкәрім, Әнет баба, Біржан-Сара айтысының 155 жылдығы, сондай-ақ, биыл мерейтойлары атап өтіліп жатқан Әлихан Бөкейхан, Ыбырай Алтынсарин, Исатай Тайманұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Қайым Мұхамедханов, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Ермек Серкебаев сынды тарихи тұлғалар бар.

Киіз үйлерде ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, қолөнер көрмелері ұйымдастырылды.



Қаланың Арбат аймағында жастарға арналған шығармашылық алаңдар, квесттер мен шеберлік сағаттары өтті.

Сонымен қатар IT және жасанды интеллект бағытындағы арнайы алаңда заманауи технологиялар таныстырылды.

Ұлттық спорт түрлерінен қазақ күресі, арқан тарту, аударыспақ сияқты жарыстар ұйымдастырылып, мерекенің мазмұны одан әрі байытылды.

Концерттік бағдарламалар да жоғары деңгейде өтті. Күндізгі сахнада Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуәлиева және AGUGAI және «Жігіттер» тобы халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кешкі концерттік бағдарламада Диана Исмайл, Әлем, Баян сұлу өнер көрсетеді.


Сонымен қатар, мерекелік шаралар қала орталығымен ғана шектелмей, М. Әуезов алаңы, теміржол вокзалы, Қарағайлы шағын ауданы және басқа да аймақтарда ұйымдастырылды. Барлығы 18 киіз үй тігіліп, тұрғындарға арналған мәдени бағдарламалар ұсынылды.
«Биылғы Наурыз мейрамы Абай облысында ұлттық рухты жаңғыртып, ел бірлігін нығайтатын тағылымды әрі мазмұнды мерекеге айналды. «Наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, ол – өткеннен сабақ алып, болашаққа бағыт түзейтін ұлы мейрам» , – деген Берік Уәлиұлының сөзі бұл мерекенің терең мәнін айшықтай түседі.
#Семей, #Абайская область, #Аким области Абай, #Наурыз