Абай облысында өрт қаупі жоғары маусым басталды: негізгі қауіп жаз айларына сәйкес келеді

Абай облысында өрт қаупі жоғары маусым басталды: негізгі қауіп жаз айларына сәйкес келеді

Өңірде өрт қаупі жоғары кезеңнің мерзімі белгіленіп, жедел әрекет етуге қажетті күштер мен құралдар дайындалды. Негізгі қауіп дәстүрлі түрде жаздың ыстық айларына сәйкес келеді.

Абай облысында өрт қаупі жоғары маусым 6 сәуірде басталып, 15 қазанға дейін жалғасады. Синоптиктердің болжамына сәйкес, табиғи өрттердің туындау ықтималдығы ең жоғары кезең жаз айларына тиесілі. Бұл уақытта өрт қаупінің 4–5 сыныптары белгіленеді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бауыржан Аринов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңір аумағының шамамен 4–5 пайызын орман алқаптары алып жатыр. Негізгі орман қорлары Бесқарағай және Бородулиха аудандарындағы таспалы қарағайлы ормандарда, сондай-ақ «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында орналасқан.

Алдыңғы жылдардың талдауы табиғи өрттердің негізгі себептері табиғи факторлар екенін көрсетеді. Олардың қатарында найзағай, ауа температурасының жоғары болуы және құрғақшылық бар.

– Ықтимал өрттерге жедел әрекет ету үшін 28 техника, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты және 154 қызметкер дайындалды. Рейдтік жұмыстарды жүргізу үшін 38 мобильді топ құрылды. Сонымен қатар әуеден бақылау ұйымдастырылып, әуежай аумағында Ми-8 тікұшағы орналастырылған. Ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттері жұмыс істейді, – деді Бауыржан Аринов.

Сондай-ақ спикер командалық-штабтық автокөлік сатып алынғанын атап өтті. Бұл техника кез келген жағдайда тұрақты байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Барлық бөлімше заманауи байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Радиоқабылдағыштар, ретрансляторлар, спутниктік байланыс құралдары бар. Қай жерде болмасын байланыс үздіксіз жұмыс істейді, – деді ол.


#пожар, #Абайская область