Абай облысында полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Семей қаласындағы Абай атындағы театрда салтанатты жиын өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мерекелік шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, облыстық Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.


Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли полиция қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқталып, олардың күнделікті еңбегіне жоғары баға берді.

Аймақ басшысы құқық қорғау саласында қызмет ету үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді.
– Бұл күн – қоғам тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға өлшеусіз үлес қосып жүрген тәртіп сақшыларының еңбегіне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі. Құқық қорғау қызметі табандылықты, адалдықты және жоғары кәсіби дайындықты қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әділ қоғамда полиция қызметкерлеріне жоғары талап қойылып, зор жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан әрбір тәртіп сақшысы өз міндетін мінсіз атқарып, білікті маман әрі отаншыл азамат болуы тиіс, – деді Берік Уәли.


Мерекелік жиын барысында құқық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен ардагерлер «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін бірқатар полиция қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігінің ведомстволық медальдары, төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары тапсырылды.

Шарада өңірдегі полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар да атап өтілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен биыл Полиция департаменті ғимаратында Жедел басқару орталығын құруға қажетті қаражат бөлінген. Сонымен қатар жыл басынан бері қаржы лизингі аясында 137 қызметтік автокөлік сатып алынып, жыл соңына дейін тағы 97 көлік алу жоспарланып отыр.

Салтанатты жиын мерекелік марапаттау рәсімімен жалғасып, полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
#Абайская область, #праздник, #Полиция