Абай облысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік мәселесі күшейтілді

Абай облысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік мәселесі күшейтілді

Абай облысында алдағы шомылу маусымына дайындық және судағы қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі облыс әкімі Берік Уәли төрағалық еткен әкімдік отырысында кеңінен талқыланды. Жиында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жағажай инфрақұрылымын жақсарту және стихиялық шомылу орындарын бақылауға алу бағытындағы жұмыстар қаралды. 

Қазіргі уақытта облыс аумағындағы су айдындарында халықтың демалысы, туризм және спортпен шұғылдануы үшін 21 арнайы орын белгіленген. Оның ішінде 15 коммуналдық жағажай, 2 жеке жағажай және 4 жаппай демалыс аймағы бар. Мамандардың мәліметінше, өткен жылы облыс су айдындарында 12 адам, оның ішінде 4 бала суға батып қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері ретінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, мас күйінде суға түсу және балаларды қараусыз қалдыру аталды.

Шомылу маусымына дайындық аясында Алакөл жағалауында жаңа құтқару станциясы ашылды. Сонымен қатар, адам көп шоғырланатын аумақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Атап айтқанда, 30 жаяу және 16 мобильді патрульдік бекет қойылып, бұл жұмыстарға төтенше жағдайлар департаменті мен әскери бөлімнің 100-ден астам қызметкері жұмылдырылады. Бұдан бөлек, су айдындарында арнайы оқу-жаттығулар өткізу, су түбін тазарту, қауіпті аймақтарға ескерту белгілерін орнату және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жиында Алакөл көліндегі шағын көлемді кемелер үшін арнайы пирстер орнату, жағалаудағы бейнебақылау жүйесін кеңейту және Семей қаласындағы жабдықталмаған жағажайларды ретке келтіру мәселелері де көтерілді.

Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, ресми демалыс орындарының санын арттыруды және туристік аймақтардың инфрақұрылымына талдау жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ шағын көлемді кемелердің қауіпсіздігін қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.

— Жаз мезгілі басталғанда халық су айдындарына жаппай демалуға шығады. Сондықтан тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау — жергілікті биліктің басты міндеті. Шомылу маусымының басталуына аз уақыт қалса да, дайындық жұмыстары толық аяқталмаған. Әсіресе жағажай инфрақұрылымы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және стихиялық шомылу орындары мәселесі әлі де өзекті. Әрбір қайғылы жағдайдың артында адам өмірі тұрғанын ұмытпауымыз керек, — деді Берік Уәли.

Жиында сондай-ақ Таза Қазақстан республикалық бағдарламасының жүзеге асу барысы да сөз болды. Бағдарлама аясында 16 мамыр күні облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылған. Сенбілікке 15 мыңнан астам тұрғын қатысып, 471 ұйым мен 204 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1651 аула мен 79 саябақ және сквер аумағы тазартылып, 3342 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, биыл облыс бойынша 67 мың көшет отырғызу жоспарланған болса, қазіргі таңда оның 52 мыңнан астамы егілген.


#Абайская область, #Алаколь, #Акция" Таза Қазақстан"