Абай облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым‑Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік саясаттағы басты басымдық. Бұл заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құруға, қоғамда әділеттілік пен сенімді нығайтуға бағытталған күрес. Жемқорлықты түбірімен жою — елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды шарты», екендігін айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күресте жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті — бұл жұмыстар тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, олардың себептерін жоюға бағытталуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 30 маусымдағы № 927 Жарлығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы функциялар мен өкілеттіктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.
Департаменттің басты мақсаты — көп жағдайда құқық бұзушылықтар анықталғаннан кейін ғана әрекет ету емес, олар пайда болмас бұрын алдын алу. Бұл сыбайлас жемқорлыққа алып келуі мүмкін жағдайларды анықтап, жоятын кешенді жүйені қалыптастыруды көздейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі бірнеше бағытты қамтиды: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, тәуекелдерді талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау және т.б.
2025 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында бірнеше құқық бұзушылық анықталды: мүдделер қақтығысының орын алуы,
3 мемлекеттік қызметшінің құмар ойындарға қатысқаны және 5 мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді жазбаша түрде қабылдамағаны анықталды. Талдау нәтижелері бойынша тәуекелдерді жоюға бағытталған іс‑шаралар жоспары әзірленіп, орындалуы тұрақты бақылауда ұсталады, бұл сыбайлас жемқорлыққа әкелетін себептерді жүйелі түрде жоюға мүмкіндік береді.
2025 жылы Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, сондай-ақ Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасалды.
Ағымдағы жылы тұрғын үйді бөлу және мемлекеттік сатып алу веб-порталында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу жоспарланған. Бұл салалар қоғам тарапынан ең көп сұрақ тудыратын, әлеуметтік маңызы зор бағыттар болып табылады.
Талдау нәтижесінде басқармалардың қызметіндегі әкімшілік кедергілер анықталып, процестерді жетілдіру және ашықтықты арттыру бойынша нақты ұсыныстар жасалды. Бұл шаралар өңірде инвестициялық ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға оң әсерін тигізеді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Осы ретте, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жүктелген міндеттерге қол жеткізу үшін жұмыла отырып жұмыс атқаруымыз қажет. Бұл тек мемлекеттік міндет емес, әр азаматтың жауапкершілігі.
Әр азамат өз қызметінде адал еңбек етіп, әділ шешім қабылдап, әдептілік танытса – еліміздің болашағы жарқын болмақ.