Абай облысында уылдырық шашу кезеңіне байланысты балық аулауға уақытша тыйым енгізілді
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Абай облысында балық аулауға уақытша тыйым енгізу мәселесіне арналған брифинг өтті. Шектеу шараларының мақсаты мен балық шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы Семей балық инспекциясының бас маманы, мемлекеттік инспектор Нұрболат Мұқышев ақпарат берді.
Жыл сайын көктем мезгілінде өндірістік және шаруашылық маңызы бар бірқатар су айдындарында балықтардың уылдырық шашу кезеңі басталады. Биыл бұл кезең басталып та үлгерді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында балық аулауға уақытша тыйым енгізді.
– Шектеу шаралары Зайсан–Ертіс бассейндік инспекциясына қарасты су айдындарына, атап айтқанда Қара Ертіс өзені, Бұқтырма және Шүлбі су қоймалары, Зайсан көлі, сондай-ақ Өскемен су қоймасына қатысты. Аталған су айдындарында балық аулауға 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында тыйым салынады, – деді спикер.
Нұрболат Мұқышевтің айтуынша, тыйым енгізудің негізгі мақсаты – балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасау. Бұл шаралар су биоресурстарының табиғи жолмен көбеюіне, балық популяциясының артуына және биоалуантүрліліктің сақталуына ықпал етеді. Сондай-ақ балықтардың көшу жолдары мен жаппай шоғырланатын орындарын қорғауға ерекше назар аударылады.
– Табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында тыйымның сақталуына бақылау күшейтілген режимде жүргізілуде. Бұл жұмысқа табиғатты қорғау полициясының бөлімшелері, Абай облысының жергілікті атқарушы органдары және балық инспекциясының қызметкерлері тартылған, – деп қосты Нұрболат Мұқышев.
Брифинг барысында Қазақстан Республикасында балық шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны да айтылды. Бағдарлама аясында балық өндірісінің көлемін кезең-кезеңімен арттыру, оның ішінде табиғи көбею есебінен көбейту көзделген.
Спикердің мәліметінше, егер 2021 жылы өсірілген тауарлық балық көлемі 7 тоннаны құраса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 270 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар сала субъектілерінің саны да артып келеді: 2021 жылы шамамен 300 шаруашылық болса, 2025 жылы олардың саны 680-ге жеткен. Қазіргі уақытта балық шаруашылығы саласында шамамен 16 мың маман еңбек етеді.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Қазақстан Республикасының «Аквакультура туралы» Заңы қабылданып, балық шаруашылықтарының қызметін құқықтық тұрғыда реттеуге, су биоресурстарының қорын нығайтуға және саланың тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталды.
Осылайша енгізілген шектеулер уақытша әрі негізді сипатқа ие. Олар экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, балық қорын қалпына келтіруге және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Уылдырық шашу кезеңінде белгіленген талаптарды сақтау – Абай облысындағы су айдындарының табиғи әлеуетін қорғауға қосылған маңызды үлес.