Абай облысында «Заманауи әйел: қоғам және отбасы» форумы өтті

Абай облысында «Заманауи әйел: қоғам және отбасы» форумы өтті

Еліміздегі әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешу мақсатында Семейде әйелдер форумы өтті. Жиынға үш жүздей қыз-келіншек қатысты. Облыс халқының жартысы — әйелдер. Олар түрлі салада өз істерін бастап, кәсібін дөңгелетіп отыр.

— Қазіргі таңда әйелдер еліміздің түрлі саласында табысты еңбек етіп, биік белестерді бағындырып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейту мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Қазіргі қоғамда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, мемлекеттік және қоғамдық үдерістерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Абай облысында әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға арналған жұмыстар жалғасын табуда, - деді форумды ашқан Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов.

Форумда қоғамдағы әйелдерді мазалайтын түрлі мәселелер талқыланды. Қаржылық сауаттылықтан бастап, денсаулық сақтау саласы, білім беру жүйесі, инклюзия мәдениетін дамыту, кәсіпкерлік саладағы әйелдердің көшбасшылық әлеуеті қамтылды. Сондай-ақ, ауыл әйелдерінің заманға сай дамуына жағдай жасалуы үшін жиналған қауым тәжірибе алмасып, табысты жобаларын ұсынды.

— Бүгін өте әдемі, мазмұнды шара өтіп жатыр. Әйелдердің ой-пікірін білу, әйел азаматтарын әр жақты әлеуметтік, экономикалық қолдау көрсету, заңдық гендерлік саясатқа өз үлестерін қосу біздің ниетіміз. Сондықтан әйелдерге арналған осындай маңызды тақырыптың осы өңірде талқылануының өзі үлкен мәнге ие. Қазір дәстүр, қоғам, құндылықтар жөнінде түрлі сұрақтар көтеріліп жатыр. Бірақ осының бәрінің түп негізінде «Бүгінгі заманауи әйелдің келбеті қандай болуы керек?» деген сауал тұр, - деді форум барысында сөз алған ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Светлана Ермекқызы.

Форумда гендерлік саясат, отбасылық құндылықтар, қоғамдағы әйел рөлі және заманауи сын-қатерлер жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылды.

— Бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Қазіргі қоғамда әйел-ананың рөлі мен оның кәсіби міндеттері қатар үйлесіп келеді. Ата-бабамыз «бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» деп бағалаған әйелдерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде, - деп ерекше екенін атап өтті Аягөзден арнайы келген форум қатысушысы, Аягөз қаласы №5 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Ләззат Молдашева.


#Семей, #Абайская область, #форум