Абай облысында Жеңіс күні кең көлемде аталып өтті

Абай облысында Жеңіс күні кең көлемде аталып өтті

Жеңіс күніне орай Абай облысында ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Негізгі салтанатты жиын Семей қаласындағы Жеңіс саябағында өтті.

Мерекелік шараға аймақ басшысы Берік Уәли, қала әкімі Әділет Қожанбаев, тыл және еңбек ардагерлері, құқық қорғау органдарының жетекшілері, әскери бөлімдердің өкілдері, сондай-ақ Жас Ұлан әскери мектебінің курсанттары қатысты. Жиналған қауым сұрапыл соғыс жылдарында қаза тапқан боздақтарды еске алып, «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды. Майданда ерлікпен қаза болған жауынгерлер рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жарияланды.

Салтанатты жиын барысында соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ел тарихындағы орны ерекше екені атап өтілді.

 Мерекелік бағдарлама аясында патриоттық әндер шырқалып, концерттік қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, саябақ аумағында арнайы далалық ас ұйымдастырылып, көпшілікке майдан ботқасы таратылды. Аймақ басшысы Берік Уәли мерекелік алаңды аралап, дайындалған тағамнан дәм татты.

Тарихи деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа өңірден 100 мыңға жуық азамат аттанған. Олардың 44 мыңнан астамы туған жерге оралмаған. Соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі үшін 56 жерлесіміз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Жалпы, мерекеге орай Абай облысы бойынша ардагерлерге құрмет көрсетуге, тарихи жадыны жаңғыртуға және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруге бағытталған 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.


#Семей, #Абайская область, #праздник, #День Победы