Абай облысында жол инфрақұрылымы мен көпірлерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Абай облысында жол инфрақұрылымы мен көпірлерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли атап өтті. 

Абай облысында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл республикалық маңызы бар «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының 184 шақырымы аяқталды. Бұл бағыт өңірдің ішкі және сыртқы көлік байланысын жақсартып, облыстың көршілес Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен шекаралық сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір негізгі бөлігіне асфальт төселіп, соңғы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде,-деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек Қытай компаниясымен («China Railway Asia-Europe Construction Investment Co.LTD») Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысын жүзеге асыруға бағытталған келісімге қол қойылды. Жоба қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде 2028 жылға дейін жүзеге асырылады.

Жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 21,4 млрд. теңге қарастырылды, бұл қаражатқа 358,8 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде Семей қаласының 52 көшесінде орташа жөндеу, 40 аулада аумақтарды асфальттау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 35 аула абаттандырылды. 

Семей қаласындағы Қарағайлы және Энергетик шағын аудандарын «Омбы – Майқапшағай» тас жолымен жалғайтын жаңа көше пайдалануға берілді. Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен веложолдар салынды, шамдардың тіректері орнатылды.

Семей қаласында төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асуда. Жоба Мемлекет басшысының қолдауымен, Қытай Халық Республикасымен өзара іс-қимыл аясында қайтарымсыз қаржы (грант) есебінен аяқталады. Екі ел арасында техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған,-деді аймақ басшысы.

Биыл Семей қаласының символына айналған аспалы көпір мен автогуж көпірінің асфальт жабындысы толық ауыстырылды. Аспалы көпірге толық күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.


#Абайская область, #дорога, #Калбатау-Майкапчагай, #инфраструктура