Абай облысында жол саласын цифрландыру бағытындағы семинар өтті
Абай облысында автомобиль жолдары саласын цифрландыру және жол құрылысы жұмыстарының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта ҚР КМ Автомобиль жолдары комитетінің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Абай облысы бойынша филиалы автомобиль жолдары саласына жауапты жергілікті атқарушы органдардың мамандарына арналған оқыту семинарын өткізді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі мекеменің Абай облысы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес әзірленген «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасын енгізу мәселелері кеңінен түсіндірілді. Платформа автомобиль жолдары саласындағы барлық негізгі процестерді цифрлық форматқа көшіруге, орындалған жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етуге және жол инфрақұрылымын басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Семинар аясында қатысушылар KRL КИД жүйесінде атқарушылық құжаттаманы жүргізу тәртібімен, құжаттарды электрондық форматта рәсімдеу талаптарымен және жүйемен жұмыс істеу алгоритмдерімен танысты. Мамандарға жолдарды орташа жөндеу кезінде орындалған жұмыстарды кезең-кезеңімен бақылау, орындалған көлемдерді цифрлық тіркеу және құрылыс процесін нақты уақыт режимінде мониторингтеу мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ семинарда 2025 жылы Абай облысында іске асырылған автомобиль жолдарын орташа жөндеу жобалары бойынша жүргізілген сараптамалардың нәтижелері талқыланды. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалы мамандары орындалған жұмыстар мен қолданылған жол-құрылыс материалдарының сапасына жүргізілген зертханалық бақылау қорытындыларын ұсынды.

Жиын барысында «KazRoadLab» электрондық ақпараттық жүйесіне енгізілген деректер негізінде қайта қалпына келтірілмеген сынамалар, анықталған сәйкессіздіктер мен ақаулар қаралып, оларды мердігер ұйымдардың жою тәртібі талқыланды. Бұл жұмыстар жол құрылысы кезінде сапаға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауға және кемшіліктерді дер кезінде жоюға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бүгінде жол құрылысы саласын цифрландыру адами факторды азайтып, бақылау рәсімдерін автоматтандыруға, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді әрі ашық игерілуіне ықпал етеді. Бірыңғай цифрлық жүйелердің енгізілуі құрылыс барысын онлайн бақылауға, орындалған жұмыстардың тарихын сақтауға және шешім қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» өңірдегі республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Филиал мамандары жол-құрылыс материалдары мен асфальт-бетон қоспаларына зертханалық сынақтар өткізіп, құрылыс-монтаж жұмыстарының нормативтік талаптарға сәйкестігін бақылауды қамтамасыз етеді. Мұндай семинарлар жергілікті атқарушы органдар мамандарының цифрлық жүйелермен жұмыс істеу біліктілігін арттырып, жол саласындағы сапаны бақылаудың тиімділігін күшейтуге бағытталған.
#Абайская область, #«Национальный центр качества дорожных активов», #цифровизация