Абай облысында жол сапасына бақылау күшейді: бір айда 22 сәйкессіздік анықталды
Абай облысында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Бұл ретте «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Абай облыстық филиалы өңірдегі жолдардың сапасын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі филиалдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Филиал мамандары мамыр айында республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көше-жол желілеріне 54 рет тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында жол-құрылыс материалдарының 182 сынамасы алынып, оның 126-сына зертханалық сынақ жасалды. Зерттеу нәтижесінде 22 сынаманың нормативтік-техникалық құжаттар талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Мамандар тарапынан анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсынымдар беріліп, екі жағдайда мердігер ұйымдар түзету жұмыстарын жүргізді. Жол сапасын бақылау – еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды бағытының бірі. Бүгінде Қазақстан бойынша мыңдаған шақырым автомобиль жолдары салынып, қайта жаңғыртылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жолдардың сапасына қойылатын талаптар күшейтіліп, қоғамдық бақылау мен техникалық қадағалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.Осы орайда «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» өңірлік филиалдары құрылыс материалдарының сапасын тексеріп қана қоймай, құрылыс-монтаж жұмыстарының технологиялық талаптарға сәйкестігін де бақылап келеді. Бұл жолдардың ұзақ мерзім пайдаланылуына және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді. Биыл Абай облысында да жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Облыс аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірнеше елді мекеннің ішкі көшелері жаңартылуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізбек.Сала мамандарының айтуынша, жол құрылысының сапасы ең алдымен қолданылатын материалдар мен технологиялық талаптардың сақталуына байланысты. Сондықтан құрылыс жұмыстарының әр кезеңінде жүргізілетін зертханалық бақылау мен техникалық тексерулердің маңызы зор.Абай облыстық филиалының мамандары алдағы уақытта да жол құрылысы нысандарын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жою бойынша мердігер ұйымдармен бірлескен жұмыстарды жалғастырады.
#Абайская область, #«Национальный центр качества дорожных активов»